Аралтөбеде жаңа су құбыры орнатылды

Жобалық құны 270 млн. теңге ұзындығы 17 шақырым жаңа су құбыры арқылы ауылдағы 200 үйге таза ауыз су жеткізіліп отыр.

Жаңа жүйені сумен қамтамасыз ету үшін ауыл сыртынан алты бірдей ұңғыма қазылған. Барлау нәтижелері көрсеткендей бұл ұңғымалардағы судың литрге шаққандағы өнімділігі қалыптағы көрсеткіштен бес есеге артық. Судың мынадай өнімділігі жағдайында, Аралтөбе ауылын ауыз сумен қамту үшін бір ұңғыманың өзі жеткілікті. Жүйенің екінші нүктесінің басында сыйымдылығы 25 текше метрді құрайтын су мұнарасы мен су тазарту станциясы орналасқан.

Мемлекеттің дамуы тұрғындарының тұрмыс деңгейімен өлшенеді. Кейінгі жылдары Аралтөбе ауылдық округінде үлкен жұмыстар жасалды. Округ орталығы мен елді мекендер көгілдір отынға қосылды. Ұялы байланыс жүйесі жаңа сапамен жұмыс істеп тұр. Таза ауыз су енді әрбір аралтөбеліктің үйіне дейін жетті. Жақсылық құтты болсын, – деді Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев.

Көгілдір отын келгенде қатты қуанғанбыз. Газ – ауыл адамының арманы еді ғой. Тәуелсіздік күнінің қарсаңында ауыл ауыз судың жаңа жүйесіне қосылды. Газдың келуінің өзі ауылға кәдімгідей ажар әкеліп еді, енді үй-үйге жеткен таза ауыз су тұрғын үйлердің де қолайлылығын арттыратыны сөзсіз. Біздер, аралтөбеліктер әуелі іс басында жүрген азаматтарға разымыз. Жұмыстар өте жүйелі жүрді. Тұралау, тоқтау болған жоқ. Су құбырын жаңалап-жаңғырту кезінде де ауыл ауыз сусыз қалған жоқ. Елбасына алғысымыз шексіз, – дейді ауыл тұрғыны Бейбіт Бисенов.

Сонымен қатар, Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында БҚО Теректі ауданының Аңқаты ауылында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынған таза су құбыры пайдалануға берілді.

Құрылыстың ашылуына арнайы келген аудан әкімі Кәрім Жақыпов, аудандық мәслихаттың хатшысы Әлжан Нұрғалиев аңқатылықтарды алдағы мерекемен құттықтап, су құбыры игіліктеріне жарасын деген тілектерін білдірді. Тап осындай салтанатты рәсім Ақжайық ауылында да өтті.

Аңқаты ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Құрманғазы Жаленов ауылға таза су жеткізіп, Елбасының тапсырмаларының арқасында осындай игіліктерге қол жеткізгендігін айтып, оны іс жүзінде орындаған тұлғаларға алғысын білдірді.

Айта кету қажет, бағдарлама аясында Тәуелсіздік мерекесі күніне орай облыстың тағы 4 ауылы жаңа таза ауыз су жүйесіне қосылмақ.