1. Алматы музейі

Ғимарат 1892 жылы француз сәулетшісі Поль Гурдэнің жобасымен салынған. Музей коллекциялары 35 мыңға тарта экспонаттар, бейнелеу өнерінің шығармалары, қазақ этнографиясының бірегей жинағы, сондай-ақ қазір Алматыда тұратын халықтар өкілдерінің этнографиясы, нумизматика, фото және құжаттарды құрайды. Музей Алматы қаласы, Қабанбай батыр 132 көшесінде орналасқан.

Музейдің «Желтоқсан залында» Желтоқсан оқиғасын бейнелейтін экпонаттар мен мұрағаттық құжаттарды, Ләззат Асанова мен Қайрат Рысқұлбековтың жеке заттарын, Л.Асанованың көйлегі мен домбырасын, қол білезігін, әкесі О. Асановқа жіберілген арнайы телеграммаларды көре аласыз. Теллеграммадағы екі қағаздың бірінде «қыздарыңыз ауыр халде» делінсе, екіншісінде «келмей-ақ қоюларыңызға болады. Ләззат қайтыс болды» деп жазылған.

Сонымен қатар, залда Қайрат Рысқұлбековтың кителі мен түрмеде отырған кезде жасаған қобдишасы, суреттері мен басқа да жеке заттары қойылған.

2. Қайрат Рысқұлбековтың тұрған үйі

Желтоқсан оқиғасына қатысқан Қайрат Рысқұлбековтың есімімен байланысты Алматыда орындар санаулы ғана. Алматы қаласындағы Қ.Рысқұлбеков өзі оқыған Сәулет-құрылыс Академиясы тұрған көшеге есімі берілген. Тараз қаласында оның есімімен аталатын демалыс бағы бар. Онда Қ.Рысқұлбековке ескерткіш орнатылған.

Алаңға мен Қонаевты да, басқаны да қорғауға емес, қазақ қыздарын шашынан сүйреп, ұрып жатыр деген соң бардым. (Қайрат Рысқұлбеков)

Өлімі әлі күнге дейін құпия қалған желтоқсаншы Алматы сәулет-құрылыс институтында оқыды. Қазірде оның тұрған үйінде ескерткіш тақта орнатылған. Мекен-жайы: Алматы қаласы, Асқаров 10A көшесі.

3. Тәуелсіздің алаңы

1986 жылы желтоқсанның ызғарлы күні дәл осы алаңға қазақ жастары көтеріліске шыққан болатын. Қазіргі Республика алаңы бұрын Л.И.Брежнев атындағы алаң деп аталған. Мұнда Желтоқсан оқиғаларына арналған Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік монументі орналасқан.

4. Ербол Сыпатаевтың оқу залы

Орта мектепті бітірген Ербол машина жүргізуші мамандығын алғаннан кейін, 2 жылдай Ленин атындағы савхозда еңбек етіп, 1983-1985 жж әскер қатарындағы азаматтық борышын атқарады. 1985 жылы АЭжБУ-ндегі (Алматы энергетика және байланыс университеті) электрлік энергетика факультетіне оқуға түседі.

1986 жылғы 18 желтоқсандағы қарулы қақтығыс барысында басынан ауыр соққы алған ол, 20 желтоқсанда ауруханада кешігіп жасалған ауыр отадан, есін жимады. Сол күйі не бәрі 22 жасында қайтыс болды.

Алматы облысы, Панфилов ауданында Ербол Сыпатаев атындағы мектеп, көше мен ескерткіші бар. Алматыдағы қазіргі Алматы энергетика және байланыс университетінде 1994 жылы Ербол Сыпатаевтың 30 жылдық мерейтойына байланысты оқу залы ашылған.

5. Назарбаев пен Абай даңғылының қиылысы

Жастардың алаңға көп жиналғаны соншалық, Алматы қаласы көшелерінен келген жастардың қарасы көп болған.

Барсақ, алаң толы. Ана көшеден де, мына көшеден де топ-топ болып, адамдар келіп жатыр. Бір уақыттан кейін бүкіл жиналғандар лек-легімізбен Фурманов көшесімен (Қазіргі Назарбаев даңғылы) төмен қарай ұштық. (Сағатбек Медеубекұлы).

©baribar.kz

Желтоқсаншы Несіпкүл Қалдыбайқызының бізге берген сұхбатында, мерт болған студенттер мен жастардың мәйіттерін Алматы қаласының бірнеше жерлеріне (Ақсай, ГРЕСС т.б) апарып көмгенін айтады. Ресми деректер бойынша, ішкі істер бөлімдеріне 2401 адам жеткізілген (Алматы түрмесіне сыймағандықтан, қала сыртына апарып тасталғандарды қосып есептегенде барлығы 8,5 мың адам ұсталған).

Ендеше, желтоқсаншылардың Алматыда қалған іздері көп. Оны қаланың әрбір бұрышынан кездестіруіңіз әбден мүмкін…

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!