• Тәуелсіздік сіз үшін несімен маңызды? 
  • Азаттықты қаншалықты бағалай алып жүрміз?
  • Тәуелсіздік күнін қалай атап өтесіз? 

Жазира Байырбекова, әнші: Әлі де кемшін қалған тұстарымыз жетерлік 

Жазира Байырбекова
©reactor.inform.kz
  1. Қазақ халқының сан ғасырлық арманы болған Тәуелсіздіктің маңыздылығы мен тарихы жайында айта берсек әңгіменің шегіне жетпеспіз, әрине! Дегенмен Тәуелсіздік экономика мен саясатта ғана емес жеке адамдардың да өміріне өзгеріс, жақсылық, табыс, жетістік әкелді. Болашаққа деген сенім мен үміттің нәтижесінде, бүгінде еліміздің керегесі кең, терезесі тең. Біз үшін ана тіліміз, санамыз, мәдениетіміз бодандық құрсауынан босап, тәуелсіз дамуы өте маңызды, әрі құнды. Сондықтан бүгінгі күні халқымыз өткеннен қалған тарихи өнегені, отансүйгіштікті, ұлтына деген махаббатты жоғалтпай, әрі қарай жастардың патриоттық сезіміне енгізуге ерекше көңіл бөлуі керек деп ойлаймын. 
  2. Қазіргі уақытта «отбасын, бала-шағаны қалай асыраймыз?» деп қара бастың қамымен өмір сүріп кеткеніміз жасырын емес. Әлі де кемшін қалған тұстарымыз жетерлік. Соның бірі сананы тұрмыс билеп, еліміз бен тіліміздің дамуына үлес қоса алмай келеміз. Бірақ бұл азаттығымызды бағалай алмай жүрміз деген сөз емес. Қазіргі уақытта көптеген игі істер жүзеге асып, халықтың әлеуметтік жағдайы да айтарлықтай жақсарды. Білім, ғылым, медицина саласы да зор жетістіктерге жетіп, биік белестерді бағындырудамыз. Осының бәрі Алла нәсіп еткен азаттықтың арқасы деп білемін. 
  3. Тәуелсіздік — барлығымыз үшін ерекше қасиетті күн. Бірліктің, ынтымақтастық пен татулықтың күні. Сондықтан Тәуелсіздік күні алаңдарда ән шырқап, халықты бірлікке, татулыққа шақырып, халықтың ортасында боламыз. Осы орайда қазақ елін Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! 

Досымжан Таңатаров, әнші: Азат еліміздің ең ұлық, ең қастерлі мерекесі – Тәуелсіздік күні 

Досымжан Таңатаров
google.kz
  1. Тәуелсіздік – тәуелсіздігімен, егемендігімен, тәуелсіз елі мен жері, тілі мен дінімен маңызды! Еліміз қалай болғанда да сан ғасырлық қиын қыстау жолдан, тар жол тайғақ кешуден өтті. Сондықтан Тәуелсіздік – ең алдымен Қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Өз басым мемлекетіміздің тәуелсіздігі – халқымыздың бақыты деп санаймын. 
  2. Ата-бабаларымыз найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған қасиетті жерімізді ардақтап, қорғау әрбіріміздің парызымыз. Бұл орайда тәуелсіз елдің кез келген азаматы азаттықты бағалап жүр деп ойлаймын. Өз басым ұлы дала елінің кең байтақ жерінде туып, топырағында аунап өскеніме өте қуанамын. Қазіргі кезде өзге елдердің хал-ахуалын қарап, бейбіт елде ынтымағымыз бен бірлігіміз жарасып өмір сүріп жатқанымызға шүкіршілік етемін. 25 жыл тарих сахнасы үшін аз ғана уақыт болу мүмкін, ал біз осы жыл ішінде көпұлтты мемлекет бола тұра ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жеттік. Бұл салиқалы саясаттың, дұрыс бағыт-бағдардың нәтижесінде келген еңбектің жемісі деп білемін. 
  3. Азат еліміздің ең ұлық, ең қастерлі мерекесі – Тәуелсіздік күні. Тәуелсіздік мерекесі – мерекелердің төресі! Тәуелсіздік – өзге мейрамдардың көлеңкесінде қалмауы тиіс, жоғары дейгейде аталып өтілуі шарт құнды мереке! Өйткені, Тәуелсіздік бар жерде ғана басқа мерекелердің өмір сүруіне мүмкіндік бар. Қазіргі жағдайымыз, бейбіт елде өмір сүріп жатқанымыз бәрі осы Тәуелсіздігіміздің арқасы. Менде өз тарапымнан, Тәуелсіздікке қосар үлесім ретінде халықтың рухын көтеретін патриоттық әндерді арнайы жаздырып, мерекелік іс-шараларда орындап жүремін. 

Данияр Елеусінов, боксшы, Рио Олимпиадасының жеңімпазы: Тәуелсіздік – қазақ спортшыларына жол ашты 

Данияр Елеусінов
©ztb.kz
  1. Тәуелсіздіктің құрдасы ретінде айтарым, тәуелсіз қазақ елінде өмір сүріп жатқан бақытты ұрпақтың бірімін. Ал Тәуелсіздік мен үшін қазақ спортшыларына халықаралық жарыстарға жол ашқанымен маңызды. Нәтижесінде, егеменді елдің көк байрағын төркүл дүние төрінде желбіретіп, әнұранымызды асқақтатып, ұлы дала жерін әлемге паш етіп жүрміз. Ал сол спортшылардың бірі болғаным үшін өзімді шексіз бақытты санаймын. 
  2. Азаттықты бағалайтын азаматтарымыз аз емес деп ойлаймын. Тәуелсіздік — ата-бабаның сан ғасыр арман етіп, бейбіт күнге жету жолында жанын қиып жеткен күн. Қазақ ғалымы Шоқан Уәлихановтың: «Халықтың кемеліне келіп, өркендеп өсуі үшін ең алдымен, азаттық пен білім қажет» деп айтқанындай, Ұлы Даланың ұландары білімді болуы керек. Ұлттың ұлы үміті – жастар болғандықтан, саналы, білімді де белсенді жастары бар елдің қашанда еңсесі биік, болашағы зор болмақ. Сондықтан тәу етер Тәуелсіздігімізді бағалайық дегім келеді. 
  3. 16 желтоқсан, Тәуелсіздік күнін ерекше ардақтап, ерекше қастерлеуіміз керек. Ата-баба арманына айналған, ұлы қайраткерлеріміз осы жолда өмірін қиған, қазақтың маңдайына қиыншылықтар арқылы орнаған бақ күнді ұлықтауымыз қажет деп ойлаймын. Бұл тұрғыда біз де қалыс қалмай, тәуелсіздік жолында қыршыны кеткен боздақтарды еске алып, Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған мерекелік іс-шараларға қатысамыз. 

Нұрлан Албан, әнші: Азаттықты бағалай алу үшін ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу керек 

Нұрлан Албан
©gakku.kz
  1. Біз қазақ деген ұлы елдің ұрпағымыз! Тәуелсіздік – ұлы дала елінің елдігі мен ерлігі. Тәуелсіздік бұл азап пен төзімнің, халықтың сан ғасырлар бойы еркіндікті аңсаған қажырлы күресінің өтеуі. 1986 жылғы «Желтоқсан» оқиғасында алаңға шыққан жастардың ерік-жігері мен барша Қазақстан жұртшылығының арман-мұратының салтанат құруы деп білемін. Жалпы, сан түрлі кедергілер мен ауыр сындарға қарамастан, ел тәуелсіздігінің әрбір қадамы қай кезде де біздің жүрегімізді айрықша орын алып, кеудемізде мақтаныш кернейді. Аллаға шүкір, бүгінде тәуелсіз мемлекетке тән шекарамыз, рәміздеріміз, заңымыз, тіліміз бен дініміз бар. Бұл тәуелсіздікті түсінген адамға шексіз, құнды байлық. 
  2. Бес саусақ бірдей емесе. Бір биеден ала да, құла да туады. Азаттығымызға күмән келтіріп, ел арасында іріткі салып, тәуелсіз шаңырағымызды шайқалтқысы келетіндер де бары жасырын емес. Тәуелсіздіктің қадірін біліп, азаттықты бағалай алу үшін ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу керек. Ал бойында отанына, елі мен жеріне деген махаббаты бар адам азаттықтың қадір-қасиетін, қаншалықты қымбат екендігін түсінеді деп ойлаймын. 
  3. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі салтанатты түрде жарияланып, қазақтың сан ғасырлық тарихына Ұлы мейрам ретінде алтын әріппен жазылды емес пе?! Сондықтан тәуелсіздік мерекесі қазақ елі үшін ең қуанышты, асқақ күндердің бірі. Сол себепті, өз басым тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында мерекелік іс-шараларда ән шырқап қана қоймай, отбасымның жанында болып, ұл-қыздарыма тәуелсіздік туралы тарихтан сыр шертіп, деректі фильмдер қараймын.