Студенттер
Foundation бағдарламасынан бастап және басқа да деңгейлерде студенттерді Университетке қабылдау тек академиялық жетістіктерінің негізінде ғана жүзеге асырылады. Студенттер Университетке түсу үшін әріптестердің бірінің талаптары бойынша белгіленген емтихандар жинағынан өтуі тиіс. Оқуға түскеннен кейін студенттер Университетте сол деңгейде қалу/алға қарай жылжу үшін өзінің академиялық көшбасшылығын бұрынғысынша сақтауы тиіс. Мұндай академиялық қаталдық студенттердің табысты болуының, сондай-ақ олардың академиялық көшбасшылықтың негізі болып табылады.
Студентік өмір студенттердің қажеттіліктеріне, мүдделері мен құмарлықтарына, сондай-ақ ұмтылыстарына бағытталған. Студенттік өмір студенттерді қабылдау сәтінен басталады да, оқу аяқталғанға дейін және одан кейінгі жылдарда да жалғасын табады. Жалпы алғанда, қызыққа толы студенттік өмірге студенттердің салауатты және табысты болуы, қызығушылығы, жұмыспен қамту бойынша қызметтердің көрсетілуі және кәсіпкерлік дағдыларын дамытуы жатады.
Студенттердің жетістіктері
Таңдаулы университет – бұл студенттердің маман болып қалыптасуына ғана мүмкіндік беретін оқу орны емес. Бұл оқу орнының қабырғасында студенттер кейіннен өз заманының зияткерлік элитасын құрайтын, жан-жақты білімді, ойшыл, белсенді азаматтар мен кәсіпқойлар болып қалыптасуы керек. Табыстылық тек академиялық үлгерім мәнмәтінінде ғана емес, одан да кең ұғымда, яғни мансап, отбасы, қоғам және азаматтық белсенділік мәнінде қарастырылуы тиіс.
Барлық жетекші университтерде студенттер өз білімдерінің көбісін академиялық сабақтардан тыс алады. Демек, студенттік өмір аудиториядан тыс жерде студенттерге өзін-өзі табысты көрсету мен өзін-өзі жетілдіру үшін кеңінен бірқатар мүмкіндіктер туғызуы тиіс. Студенттік өмір Университеттің миссиясынан бөлек қарастырылмайды және оқу кезінде алған тәжірибесін теңдестіруге көмектеседі және студенттерді оқу аяқталғаннан кейінгі Университеттен тыс өмірге даярлайды. Университет дамыған сайын, басқа елдерден студенттерді көбірек тарту жұмысы күшейтіледі, бұл қазақстандық студенттерге әлемдік мәдениеттердің әралуандылығын барынша ұғынуға, ал әлемнің түкпір-түкпірінен келген адамдарға Қазақстанды барынша танып-білуге мүмкіндік береді. Ғылым мен технологиялардың даму үдерістерінің жылдам өтуі соншалық, ол аудиторияларда оқытудың дәстүрлі үдерісінің сөзсіз ескіруіне әкеледі. Осылайша, Назарбаев Университетінің студенттері негізгі дағды – үздіксіз білім алуды одан әрі жалғастыратын болады.
Назарбаев Университеті өзінің бакалавриат бағдарламаларының түлектері оқуын таңдаулы халықаралық университеттерде жалғастыруына қолдау көрсететін болады. Университеттің әлемдік деңгейдегі оқу орны ретінде беделін қалыптастыруда Университет студенттерінің шетелде табысты болуының шешуші мәні бар.
Студенттердің қызығушылығы
Мәжбүрлеу мен өктемдікке емес, сенімге, талқыға салу мен ынтымақтастыққа негізделген жүйе оқу кезеңінде студенттердің тәжірибесін елеулі жақсартуға бағытталған. Бұл тәжірибенің студенттердің белсенді азаматтық ұстанымдарын тәрбиелеуде маңызды мәні болады. Университет студенттік үкімет пен көптеген басқа да студенттік ұйымдардың дамуына ықпал етеді. Назарбаев Университетінде қызыққа толы студенттік өмірді қамтамасыз ету үшін оқытушы-профессорлар құрамы мен қызметкерлер студенттік ұйымдармен белсенді жұмыс істеуге тартылады. Студенттер қоғамдастықпен өзара іс-қимыл жасасып, Университеттен тысқары қоғамдық аясы кең іс-шараларға тартылуы тиіс.
Жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі қызметтер
Студенттер мүмкіндіктерді зерттеу және өздеріне қажетті қосымша дағдылар мен тәжірибені алу үшін ресурстарға қолжетімділікке ие болады. Университетте Студенттерді кәсіптік бейімдеу және дамыту орталығы құрылған, ол студенттерге әлеуетті жұмыс берушілермен кездесуге мүмкіндік береді, мансапты дамыту мәселелері бойынша консультация берілуін қамтамасыз етеді, жұмыс іздеу дағдыларын үйрету жөнінде семинарлар өткізеді және студенттерге нарықтың қажеттіліктеріне сай келетін дағдылары мен мүмкіндіктерін бағалауда көмек көрсетеді.
Кампус
Университеттің академиялық көшбасшылыққа жетуі тек студенттерге, оқытушылар мен зерттеушілерге ғана байланысты емес, сонымен қатар оның материалдық жабдықталуына, оқу ғимараттарына, кітапханасына, зертханаларына, демалу орындарына, жатақханаларына, сондай-ақ қызметкерлерге арналған үй-жайларына да байланысты. Университеттің бас жоспары халықаралық стандарттарға жауап беретін білім алу ортасы мен ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын құруды көздейді.
Университеттің Бас жоспары
Назарбаев Университетінің Бас жоспарының жобасы әріптес университеттер мен ғылыми-зерттеу орталықтарының ұсыныстарынан басталады. Университеттің өсіп отырған қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін құрылыс 4 кезекке бөлінген. Бірінші кезек 2010 жылдың қыркүйек айында аяқталды. 2013 жылдың желтоқсан айында аяқталады деп жоспарланып отырған екінші кезекте оқытушыларға арналған тұрғын үй, зертханалар мен мектептер құрылысы кеңейтілетін болады. Үшінші және төртінші кезектер оқытушылар мен студенттерге арналған тұрғын үй құрылысын кеңейтуден, сондай-ақ ғылымды дамыту мен интеллектуалдық-инновациялық кластерді құрудың негізін салатын зертханалар мен оқу үй-жайларының құрылысын инвестициялауды жалғастырудан тұрады.
Кітапхана
Заманауи, қолжетімді, инновациялық кітапхана кез келген университеттің сапасы мен өсуіне негіз болатын талап болып табылады. Назарбаев Университетінің кітапханасында оны Еуразия өңіріндегі жетекші университет ретінде көрсететін Университет пайымдауы мен оның миссиясын қолдау үшін біліктілігі жоғары кітапханашылар мен ресурстардың бірегей жиынтығы бар. Кітапхана өзінің баспа және электрондық ақпараттық ресурстар жиынтығын дамыту мен кеңейту жұмыстарын жалғастыратын болады. Электрондық ресурстарды дамытуға, сондай-ақ, олардың пайда болуына қарай, жаңа технологиялардың интеграциясына да үлкен көңіл бөлінетін болады. Электрондық ресурстардың көрнекті жиынтықтары мен жаңа технологияларды енгізу Назарбаев Университеті кітапханасының Орталық Азияның жетекші кітапханасына айналуына мүмкіндік береді. Кітапхана сондай-ақ Қазақстан аумағында және Еуразия өңірінде кәсіпқой-кітапханашыларға арналған оқу орталығы ретінде қызмет ететін болады.
Үйрететін технологиялар
Назарбаев Университеті соңғы шығарылған білім өнімдерін ұсыну үшін ең жаңа оқу және ақпараттық технологияларды енгізуге ұмтылады. Университеттің студенттері алдыңғы қатарлы педагогикалық әдістемелерге сай және ең озық білім беру ресурстарын пайдалана отырып, білім алады. Бұдан әрі Университет танымал халықаралық университеттердің бағдарламаларымен қатар, Университет бағдарламаларының бәсекелестік артықшылықтарын қамтамасыз ету үшін өз технологиялық инфрақұрылымын дамытатын болады.