Астанада музыкалық драма театрының жаңа ғимараты салынады

Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы айтты.

«Осыдан біраз жыл бұрын Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ театры құрылысы туралы Үкіметке берген сауалыма оң жауап алып едім. Сол театр үйі қашан, қай жерде салынады?», — деп сұрақ қойды Мәдениет және спорт министріне Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов.

«Жақында ғана Елбасы Астана бас жоспарына барғанда,  Қуанышбаев театрына жаңа ғимарат салу мәселесі қаралған еді. Жаңа ғимарат құрылысының жұмысы Самұрық Қазына акционерлік қоғамына жүктелді. Белгіленген жері алғашында Ақорданың арт жағындағы этнопарк болатын. Бірақ халықтың келуіне ыңғайсыздығы мен автокөліктерге жолдың қажеттілігі ескеріліп, басқа жер қарастырылып жатыр. Астананың 20 жылдық мерекесі шарасында алғашқы құрылыс капсуласы міндетті түрде қағылады», — деп жауап берді министр.

Айта кетейік, 25 жылдан астам тарихы бар елордалық Қаллеки театрының жаңа ғимараты мәселесі бірнеше жылдан бері шешілмей келеді.