Астана әкімдігінде қаланың тыныс-тіршілігіне қатысты аппараттық кеңес өтті

Жиында Астананы газдандыру жұмыстарын кезең-кезеңімен іске асыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Онда табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұса Танабаев ведомствоның «Астана қаласының 2017-2018 жылдарға арналған қоршаған ортаны жақсарту шараларының кешенді жоспары» жобасын жүзеге асыруға кіріскенін жеткізді.

«Бүгінгі таңда қалдықтарды жандыру оқиғаларын болдырмауды анықтайтын мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерінен құралған мобильді топтар құрылды. Нақтырақ айтқанда, жеке сектордағы үйлерде тұратын азаматтар көмірден басқа көлік доңғалақтары, тыс, қақпақ, сияқты қоршаған ортаға зиян тигізетін материалдарды жандырады. Бұл Астана қаласының абаттандыру ережесінің 15 тармағын бұзу», — деп түсіндірді басқарма басшысы.

Сол себепті Астананың энергетика басқармасы жеке сектордағы тұрғын үйлер мен зәулім ғимараттардың кезең-кезеңмен «Global Gaz Group» ЖШС қатысуымен газ отынына көшіру жұмыстарын қолға алып отыр. Осы күні «Тұран» стансасынан төмендетілген табиғи газды (қуаты сағатына 10 мың текше) алғашқы тұтынушы Назарбаев Университетіне жіберу басталды.

Сондай-ақ, Ғарыш орталығы мен Қорғаныс министрлігі академиясын қосу жұмыстары аяқталды. 2018 жылдың соңына дейін газдаудың екінші кезеңі Пригородный, Тельман тұрғын алаптарындағы жеке сектордағы үйлер мен Назарбаев халықаралық әуежайы ауданын қамтитын «Тельман» стансасы іске қосылады деп жоспарлануда. Осыған орай, Әсет Исекешев Премьер-Министрдің атына экология мәселелеріне қатысты кеңес өткізу жөнінде хат жолдауды, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен ІІД жол полициясы қызметкерлеріне көмір сапасын бақылауды күшейтуді, қала көшелері мен ауасын ластайтын көлік құралдарын қатаң қадағалауды тапсырды.