Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

Астанада көпқабатты үйлердегі лифтіні ауыстыру жұмыстары басталды

Лифт © astana.gov.kz

Лифтілерді жөндеу және жаңа лифтіні орнату жұмыстары Жирентаев көшесіндегі (14, 20/1, 22/2), Жұмабаев даңғылындағы (1), Күмісбеков көшесіндегі (6), Қажымұқан көшесіндегі (26, 28), Абылайхан даңғылындағы (47,49) үйлерде басталды. Жыл соңына дейін аталған үйлерде ескі лифтіні жаңасына ауыстырады, ол өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып жатыр.

Аталған үйлердің тұрғындары мемлекеттен көмек алып, лифтілерді ауыстырыпты. Дәл осылай үйіндегі лифтілерді ауыстыруды қалайтын қалалықтар құжаттарды «Өркен қала» бағдарламасының операторы болып табылатын компанияға жолдауы қажет. Бұдан кейін келісім жасалып, мердігер таңдалады. Үрдіс толығымен тұрғындардың бақылауында жүзеге асады. Көмек қарыз 15 жылға алынса, орташа есеппен әр пәтер (ауданына байланысты) 2 мың теңгеден төлейді.

Жыл соңына дейін аталмыш бағдарлама бойынша Астанада 63 лифт ауыстырылатын болады.

Бұдан бөлек, қазіргі таңда елордадағы 5 тұрғын үйде 19 лифт пайдалануға берілді (Дүкенұлы көшесі 38 («Шаңырақ» ТК, 8 лифт), Сарыарқа көшесі 41 («Махаббат 1» ТК, «Махаббат 2» ТК, 10 лифт), Б. Момышұлы көшесі 16 (4 лифт), Кеңесары көшесі 65 («Эдем Палас» ТК, 1 лифт). Қараша айының соңына дейін «Махаббат» ТК-де тағы да 4 лифт жұмыс істемек. Бұл ең көп дегенде 10-15 жыл бұрын тұрғызылған үйлер.

Мердігерлер тұрғындардың проблемаларын, көптеген шағымдарын, тұрғындарға төнген қауіпті, көтергіштердің апаттық жағдайын ескере отырып, Астана әкімдігі лифтілерді ауыстыру ісіне қолдау көрсетті.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың көктемінде Астана әкімі Әсет Исекешев қаланың лифт шаруашылықтарының барлығын тексеріп, бұл бағыттағы жұмыстарды ретке келтіру бойынша кешенді шараларды қолға алуды жүктеген болатын.

Қазіргі таңда Астанада 6577 лифт тіркелген. Олардың 4879-ы тұрғын үйлерде, 1728-і әкімшілік ғимараттарда орналасқан.

Мақалаға реакция