Бесінші кезеңде спортшылар 198 шақырымды жүріп өтті. Мәреге 28 шақырым қалғанда, алда кетіп бара жатқан Антуан Дюшенді қуып жеткен А.Луценко содан кейін ешкімге дес бермей, мәре сызығын жекедара қиды.
«Париж — Ницца» көпкүндігінде жалпы есепте қазақстандық велоспортшы екінші орында келеді.
Жиырма үш жастағы А.Луценко Солтүстік Қазақстан облысында туып-өскен. 2013 жылы 23 жасқа дейінгілер арасында топтық бәсекеде әлем чемпионы атанған. Сол жылы «Астана» командасының құрамына алынған Алексей сондай-ақ Азиада чемпионы атанып, екі мәрте «Алматы туры» жарысын ұтқан.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз хатшысы Бақытбек Хамиттің хабарлауынша, бұл — А.Луценконың әзірге ең жарқын жеңісі. Ол Рио-де-Жанейрода өтетін олимпиада ойындарында ел намысын қорғайды.