Степногорде жаңа екі цех іске қосылды

Ұлттық биотехнология орталығының филиалы «Өнеркəсіптік биосинтез» ҒЗИ» ЖШС зертханасында ашылған желі Оңтүстік Корея елінің зертханалық қондырғыларымен жабдықталған.

Серіктестік директоры Дархан Балпановтың айтуынша, Қазақстан нарығындағы екпенің 30 пайызға жуығы осы зертхана үлесінде.

«Ғылыми орталықтың жануарлар мен аңдардың барлық түрлеріне құтыруға қарсы екпе шығаруды қолға алып отыр. Қазірдің өзінде мамандар 10-ға жуық екпе түрі бойынша жұмыс істеуде. Орталықта 170 адам жұмыс істейді. Олардың көбі білікті мамандар. Елімізде құтыруға қарсы екпе тек бізде шығарылатындықтан, кəсіпорынның болашағы зор екеніне сеніммен айтуға болады», — деп атап өтті кəсіпорын басшысы.

Бұл жолы зертхана мамандары бұл дәрілік препаратты түлкі, қасқыр тәрізді жабайы аңдардың құтыруына қарсы жасап отыр. Оны сондай-ақ ит жəне мысыққа да егуге болады екен. Ал орталықтың осыған дейін үй жануарларына арнап шығарған екпесі қазір елімізде қолданыста. Негізгі тапсырыс беруші ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринария комитеті.

Осы күні Степногор қаласында «Астана-Нан» ЖШС инсектицид шығаратын жаңа желі іске қосылды. Аталған жоба егін шаруашылығымен айналысатын  еліміздің астықты өңірлерін аса қажет тыңайтқыштармен, зиянкестерден қорғайтын инсектицидпен қамтамасыз етуге айтарлықтай игі ықпалын тигізетін болады.