Ақмола облысында «Үздік библиограф-2017» байқауының жеңімпаздары анықталды

«Рухани қазына» бағдарламасының «Асыл мұра» жобасы шеңберінде өткізілген байқауда орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің 7 библиографы өзара кәсіби шеберліктерін сынады.

Байқау «Виртуалды кітап көрмесі», «Мамандығым — мақтанышым!», «Библиографиялық қиял»  атты кезеңдерден тұрды.

«…Кітап, кітапхана және кітапханашы бұлар бір-бірін жалғастырып тұрған, қоғамды оларсыз елестету мүмкін емес киелі ұғым. Өсіп келе жатқан келешек ұрпақты осы кітап арқылы ғана тәрбилеуге болады. Сондықтан, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде кітапхана саласы мамандығының имиджін, қоғамдағы беделін көтеру, бүгінгі жастарды кітапхана саласына ынталандыру және жастардың бойында өзіне тән кәсіби шеберлікті жоғарылату мақсатында осы байқауды өткізіп отырмыз», — деді Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева.

Байқау қорытындысына сай бірінші орынды Степногорск қалалық кітапханалар жүйесінің библиографы Лариса Саленко жеңіп алды. Ал жүлделі екінші және үшінші орындарды  Целиноград аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің библиографы Айшолпан Шәкенова мен Сандықтау аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің библиографы Ольга Гмря тиісінше иеленді. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.