Аумағы 400 шаршы метрді құрайтын орталық еліміздегі ең алғашқы мультибрендтік дүкен болды. Бұл сауда алаңында бағасы қолжетімді және қымбат киім үлгілері жиналған. Осындай дүкеннің пайда болуына «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолдау көрсетті.
Жанар Сүлейменова,дүкен иесі: — Біз көптеген көрмелерге бардық. Қазақстандық тауарлардың сапасы жоғары екендігіне көзіміз жетті. Сондықтан біз отандық өнімдерді сататын дүкен ашуды жөн деп көрдік. Қазір бізде әйелдер мен балалар киімдері бар. Ұсынып отырған тауарларымыз үнемі жаңартылып отырады.
Отандық киім сатылатын орталықтың ашылу салтанатына еліміздің танымал дизайнерлері қатысты. Келушілердің назарына Дильбар Әшімбаеваның жаңа жиынтығы ұсынылды. Ал Құралай Нұрқаділова кеш қонақтарына өзіндік стиль және имиджді қалыптастыру бойынша шеберлік сағатын өткізді.
Құралай Нұрқаділова, дизайнер: — Біз көп жылдан бері осындай орталықтың ашылуын күттік. Қоғамда отандық киімдерге деген сұраныс бар. Дүкенде 40 түрлі брендтің тауарлары ұсынылған. Ал мен бүгін осында келген адамдармен киімді таңдау құпияларымен бөлісемін.
Айта кеткен жөн, сауда орталығы таңғы сағат 10-нан кешкі 9-ға дейін жұмыс жасайды. Ал уақыты тығыз сәнқой нәзікжандылар үшін ғаламтордағы сайт арқылы онлайн түрде тапсырыс беріп, киім алуға мүмкіндік бар. Шара ұйымдастырушылары мұндай дүкен отандық тауар өндірушілеріне қолдау көрсетіп, қазақстандық брендік өнімдердің халық арасында танылуына зор әсерін тигізеді деген сенімде.