Зеренді ауданында кәсіпкерлердің форумы өтті

Аталған форумға облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округтер мен елді мекендердің әкімдері, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшылары, сондай-ақ, БАҚ өкілдері қатысқан.

Форумның пленарлық бөлімінің басталуына дейін оның қатысушыларына мектеп, балалар ойын алаңы және демалыс паркі, хоккей корты, балабақша және «Дихан Плюс» ЖШС-нің машиналық ауласына экскурсия жасалды. Қатысушылар жергілікті инвесторлардың ауыл тұрғындарының өмірін қалай жақсартқанын өз көзімен көре алды.

Форумның басты модераторы облыстық мәслихаттың депутаты Нартай Искаков болды. Ол облыстық мәслихат депутаттары Әлия Таласбаевамен және Рафит Амирдиновпен бірге форум қатысушыларының арасында тақырыпты талқылады.

Өз сөзінде «Дихан Плюс» ЖШС директоры Рафит Амирдинов қатысушыларға ауылдағы серіктестіктің жұмысы туралы айтып берді: «Біз өз еліміздің патриоттары болуымыз, туған өлкемізді және туған Отанымызды сүйіп, құрметтеуіміз керек. Осының бәрі бір мезетте берілмейді, үлкен күш-жігерді қажет етеді. Біз ең кішкентай ауыл тұрғындары үшін ойын алаңын салдық. Сондай-ақ, кеңсе ғимараттары күрделі жөндеуден өткізілді, кішігірім дәмхана үшін аумақ бөлінді. Онда ауыл тұрғындары түрлі іс-шаралар өткізе алады. Жоспарлар көп, әрине, оларды жүзеге асырамыз. Мен өз кәсіпкерлерімізді, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді, өнеркәсіптік кәсіпорындардың өкілдерін, өңірлік деңгейде маңызды жобаны біріктіруге және іске асыруға шақырамын», — деді ол.

Форумның пленарлық бөлімі барысында бизнес-құрылымдар мен ауылшаруашылық ұйымдары тарапынан жүзеге асырылған әлеуметтік жобалар, атап айтқанда, «Берекет» ЖШС-нің жетекшілері – Ольга Липень, «Зерен-көмір» ЖШС – Жұмағұл Жолдықов, «Жыланды» ЖШС – Петр Таранов аудандық елді мекендерде әлеуметтік көмек көрсету жұмыстары бойынша да айтылды.

Сонымен қатар, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұржан Шәкіржанов форумға қатысушыларға мемлекеттік-жекеменшік серіктестігінің аясында аудан орталығында хоккей кортын салу идеясын ұсынды.

Жалпы алғанда, форум оң қорытындыға ие болды. Оның соңында аудандағы бизнес-құрылымдар мен ауылшаруашылық ұйымдарының басшыларына аудандағы елді мекендерде маңызды жобаларға қосылу туралы келісімдерге қол қоюға, сондай-ақ 2018-2019 жылдары хоккей корты құрылысына арналған бүкіл аудандық жобаны жүзеге асыруға өз үлестерін қосуға ұсыныс жасалды.