Оралдық студент шешендік өнер байқауынан жүлделі оралды

Елімізде алғаш рет ұйымдастырылған шараға республиканың әр аймағынан 15 пен 35 жас аралығындағы 16 үміткер қатысты. Бұлардың барлығы әр облыстағы іріктеу кезеңінде үздік өнер көрсеткен сайыс жеңімпаздары еді. Сайысқа студенттер, ұстаздар, тіпті өзге салалардың өкілдері де қатысты. Шешендік өнер бәйгесін өткізудегі басты мақсат – қазақтың кемеңгер биі, дала данышпаны Қазыбек Келдібекұлының мұраларын кеңінен насихаттау, ел арасынан сөз шеберлерін анықтап, оларға қолдау көрсету болды.

Байқауға қатысушылар «Сәлем — сөздің атасы», «Даналар сөзі — ақылдың көзі», «Шешендік — шеберлік» сынды үш кезеңнен тұрған сайыста өз өнерлерін қазылар талқысына салды. Ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінен құралған қазылар алқасы қатысушылардың шешендік шеберлігін, тіл тазалығын, дауыс мәнері мен орамды ойларын ескере отырып, өз бағаларын берді.

Айта кету керек байқауда жүлдегер атанған Ақниет Қайырғалиев Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Көпжасар ауылының тумасы. Күй анасы Дина Нұрпейісова дүние есігін ашқан ауылда туып, Д.Нұрпейісова атындағы орта мектепті бітірген жігіт. Қазір ол Оралдағы Жаһанша Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің студенті.

«Болмасаң да ұқсап бақ» демей ме атам қазақ. Орта жүздің әйгілі би-шешені Қазыбек бабамыздың өнегелі өмірі мен шешендік өнері біз секілді жас буынға үлкен ғибрат. Аталмыш байқау мен үшін айрықша табысты болды. Біз тек бір-бірімізбен сайысып қана қоймай, жаңа достар таптық, ұмытылмас әсер алдық. Мені қолдаған, демеу болған жандардың барлығына жүрекжарды алғысымды білдіремін, — дейді А.Қайырғалиев.