Алматыда баспана 30%-ға арзандады

Алыпсатарлардың сөзінше, қазір алып шаһардағы баспана бағасы 30 пайызға арзандаған. Бірақ алушы жоқ. Есесіне жалдамалы пәтерлерге сұраныс артып, олардың құны 10 пайызға қымбаттапты.

Доллар бағамы өзгергелі баспана бағасында да айтарлықтай айырмашылық бар. Алыпсатарлар Алматының барлық аумағында пәтерлердің 30 пайызға дейін арзандағанын айтады. Мәселен, бұрын 90 мың доллар тұратын екінші деңгейлі үйдегі екі бөлмелі пәтердің құны қазір 55-60 мың доллар шамасында екен. Бірақ соған қарамастан, сатып алушы жоқ. Жылжымайтын мүлік нарығы мамандарының мәліметінше, өткен ақпан айында сауда-саттық құлдыраған.

Ілуде бір кездесіп қалатын баспана алушылар үйлерін негізінен Медеу мен Әуезов аудандарынан таңдағанды жөн көреді екен. Ал, жалдамалы пәтерлерге деген сұраныс Бостандық пен Алмалы аудандарында көп байқалады.

«Доллар бағамынан бас тартып, сауда-саттықты теңгемен жүргізе бастағанымызда үй бағасы біраз төмендеді. Шамамен тамыз айындағы бағадан 10-15 пайызға түскен. Ал, құрылыс компаниялары жаңа үйлердің теңгеге шаққанда бағасын 3-5 пайызға көтерді»,- деді  Қазақстан риэлторлар қауымдастығының вице-президенті Нина Лукьяненко.

Ал, мемлекеттік бағдарламалар бойынша сәуір айының соңына дейін 600 алматылық отбасы қоныс тойын тойлайды. Жыл соңына дейін қолжетімді баспанаға 3 мың тұрғын қол жеткізеді. Осы демалыс күндері Алматыда 250 отбасы жаңа пәтер кілтіне ие болады. Баспана Түрксіб ауданындағы «Жас қанат» ықшам ауданынан «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы беріледі.

«Соңғы құжат қабылдағанымыз бойынша, 594 пәтер айтылғаны. Бізде «Жас отбасы» деген бар, былтыр қыркүйек айында қабылдадық. Сол бойынша 400-ден аса пәтер келеді. Жоспарда сол бар берілетін. Мамыр айында бастауымыз мүмкін, Алатау ауданында «Саялы» ықшам ауданында беріледі», — деді Алматы қаласы тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бас маманы Әзірет Есеев.

Қазір Алматы қаласында бірінші деңгейлі үйлердегі 1 бөлмелі пәтер құны шаршы метріне қарай 40-45 мың АҚШ доллары шамасында болса, екінші деңгейлі үйлердегі 1 бөлмелі пәтер 35 мың доллардан бастап сатылуда. Саудагерлер баспана бағасы бұдан ары арзандамайтынын, осы қалыпта сақталатынын айтады. Себебі бұрын үйлерін қымбатқа алғандар оны төмен бағада сатқаннан гөрі жалға бергенді жөн көреді екен.

ДереккөзNUR.KZ