Жоба RIO ANIMATION студиясымен үш өлшемді графикада өндірілген алғашқы тәуелсіз мультфильм. Картинаның қоюшы-режиссері — Дамир Құтбаев, продюсері — Серік Балтабаев.
«Сезімдер фабрикасы» — RIO ANIMATION студиясының алғашқы толықметражды жобасы. Анимация motion capture – қозғалысты басқару техникасының көмегімен жасалды. Қазіргі таңда дыбысталу жұмыстары жүргізілуде. Мультфильм кейіпкерлерін эстрада мен кино жұлдыздары дыбыстайды. Басты кейіпкерлер Мақпал Исабекованың және Нұрлан Албанның дауыстарымен сөйлейтін болады. Сонымен қатар, Мақпал саундтрегін орындайды», — деп түсіндірді Дамир Құтбаев.
Сценарийін CapsLock креативті тобы жазды. Өндіріс жұмыстарымен аниматорлардан және 3D-модельдеу суретшілерінен құралған кәсіби топ айналысты, олар — Қуат Қобжанов, Бекдос Төлеубеков, Абылай Балтабай, Дастан Бауыржан, Еркеғали Құтбаев, Санат Муфтадин және Елмурод Шоимқұлов.
RIO ANIMATION студиясы 2013 жылдан бері Алматыда жұмыс істеп келеді. Бастапқыда компания жарнама, таныстырылым және анимациялық бейнероликтерін өндірумен айналысқан болатын.
Кейіннен студия мамандары заманауи жаңа технологияларды меңгеріп, 3D-графика бөлімін ашады. RIO ANIMATION-ның 3D форматындағы алғашқы анимациялық жобасы 2015 жылы жарық көрген «Сәлем, Астана!» телехикаясы болды.