Жайық жастары «Өнерлі студент» фестивалінде бақ сынады

Аталмыш шара Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруды көздеп, Халықаралық студенттер күніне орай ұйымдастырылды.

Конкурсқа облыстағы жоғары және арнаулы орта білім беретін оқу орындарынан 40-тан аса студент қатысты. Байқауды өткізуге «Жастар шығармашылық орталығы» МКҚК-ы мен Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасы мұрындық болды. Биыл тұңғыш рет қолға алынған фестивальді енді жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу көзделіп отыр. Байқауға студенттер, жастар қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері, мәдениет саласынң қызметкерлері көрермен ретінде шақырылды.

Өнерпаздардың өнеріне республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаттарынан, облыстық ансамбльдердің жетекшілерінен құралған қазылар алқасы баға берді. Фестиваль нәтижесінде «Эстрадалық вокал» аталымында бірінші дәрежелі дипломға Құрманғазы атындағы саз колледжінің студенті Нұргүл Батырбекова ие болды.

«Хореография» аталымын осы колледждің тағы бір студенті Ақсәуле Бақытжанова жеңіп алды. «Жеңіске деген жігері үшін» аталымына М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Елдос Өтегенов пен Орал гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Әсемгүл Исламғалиева лайық деп танылды. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне сыйлық ретінде теледидар, ұялы телефон, қысқа толқынды пештер табыс етілді.

Фестивальдің басты мақсаты – студент жастардың арасынан дарынымен дараланған шын жүйріктерді іріктеп алып, шығармашылықтарына одан әрі қанат бітіру еді. Бүгін сол мақсатымызға жеттік. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан өрендер тамаш өнер көрсетіп, көрермен қошеметіне бөленді. Енді бұл байқауды жыл сайын тұрақты түрде өткізу үшін жұмыс жоспарымызға енгіздік, – деді қазылар алқасының төрағасы, облыстық Жастар шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Мирбол Ахметқалиев.