Қайырымдылық акциясы: Алматыда балаларға тегін мультфильм көрсетілді

Көрсетілім басталмай тұрып, Әуезов ауданы әкімінің орынбасары Еркебұлан Оразалин «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясының аясында мәдени-бұқаралық шаралардың да өтетінін айтып өтті.

«Бұл жыл сайынғы республиалық ауқымдағы «Мектепке жол» акциясы аясында өтетін шара. Біз алдымен расында көмек керек отбасыларға қол ұшын созамыз. Шараның мақсаты тек материалдық көмек беру ғана емес, ауқымды мәдени-бұқаралық шараларды да ұйымдастыру. Биылғы мектепке баратын осындағы бүлдіршіндерге тек сәттілік тілеймін! Оқуларыңда үздік оқушы болатындарыңа сенемін» — деді Еркебұлан Оразалин.

Мультфильмді тамашалағандар көп. Солардың ішінде өзін Аялы Сайлауова деп таныстырған ата-ана мұндай шараны ұйымдастырушыларға риза екенін білдірді.

«Қалада мектеп оқушыларына арналған түрлі шаралар өтіп жатыр. Бүгін осы шараны естіп, жиендерім мен баламды әдейі ертіп келдім. Бұдан басқа да тиімді акцияларды да естіп жатамыз. Дегенмен, өзім арнайы қатысқан шара осы болды. Мультфильм қатты ұнады. Балалардың жасына сай әрі қазіргі замандағы әлеуметтік желілер, телефон жайлы көрсетілді. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Осындай шаралар жиі ұйымдастырылса екен. Өйткені, мектепке енді баратын балаға бәрі қызық көрінеді. Оған қоршаған ортамен тығыз байланыс жасау керек. Біз осындай шаралар болмаса, өзін ешқайда апара алмаймыз», — деді қала тұрғыны.

Тегін көрсетілімге 6-сыныпта оқитын Жамал Тукеева 1-сыныпқа енді баратын інісін ертіп келіпті. Оның айтуынша, мультфильм екеуіне де ұнапты.

«Бұл шара туралы апайымыз айтты. «Эмоджи» мультфильмі сондай қызық болды. Бұған дейін көрмеппін. Інім секілді кішкентай балалар өте көп келді. Бәріміз үшін көңілді болды» , — дейді Жамал Тукеева.

Осы секілді қайырымдылық шаралары қалада жиі болып тұрады. Бұған дейін Әуезов ауданында тұратын әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына 350 дана мектепке арналған киімдер және 1150 дана оқуға қажетті құралдар берілді. Барлығы 10 000 000 теңгені құраған көмек шаралары көптеген көмекке мұқтаж отбасы балаларын қуантты.

Сондай-ақ, оқушыларға «Вi Grоup» компаниясы 100 дана мектеп формасы және 500 дана оқу құралдары бар оқушы сөмкесін сыйлады.

«Вi Grоup» компаниясының бас директоры Айдос Мұқатаев мұндай қайырымдылық акцияларын қала әкімшілігімен бірге ұйымдасатынын айтты.

«Вi Grоup» компаниясы әрбір іс-шараға жауапкершілікпен қарайды. Біз әрдайым әлеуметтік шараларды қолдауға, өткізуге тырысамыз. Қолымыздан келгенше мұқтаж адамдарға көмектескіміз келеді. Қала әкімшілігімен осындай шараларға қатысты акцияларды бірге жоспарлап, ұйымдасамыз», — деді Айдос Мұқатаев.

Бұдан бөлек мәслихат депутаттары және Angelcher тігін фабрикасы 170 дана мектеп формасы және 260 дана оқу құралдары, «Нұр отан» партиясының аудандық филиалы және демеушілер тарапынан 80 дана мектеп формасы және 290 дана оқушылар сөмкесі үлестірілді.

Айта кетейік, бүгінгі шарадан соң балаларға тегін балмұздақ үлестірілді.