Бүгін Халықаралық студенттер күні

Студенттер күнінің 17 қарашаға бекітілуінің өзіндік себебі бар.

1939 жылдың 28 қазанында фашистердің басқыншылығында қалған Чехословакия елінің студенттері мен оқытушылары өз мемлекеттерінің құрылғанына бір жыл толуына орай шеруге шыққан. Оларды тарқатуға тырысқан басқыншылар оқ жаудырып, медицина факультетінің студенті Ян Оплеталды мерт қылады. Ян 15 қараша күні жерленді, алайда студенттер тыншыған жоқ. Олардан енді он шақты студент ұсталып, түрмеге қамалды. Ал, 17 қараша күні таңертең гестапашылар студенттердің жатақханасын қоршап алып, 1200-ден аса студентті қолға түсіріп, біразын Заксенхаузендегі концлагерьге айдап жіберді. Он шақты белсенді студентті Рузина ауданындағы түрмеде өлім жазасына кесті. Гитлердің әмірімен чехтардың барлық жоғарғы оқу орындары соғыстың соңына дейін жабылып қалды.

Осы оқиғаға байланысты 17 қараша күнін Халықаралық студенттер конгресінің белсенділері студенттердің атаулы күні деп белгіледі.

Қазіргі таңда әлемде осы күнді атап өтпейтін студент кемде-кем.