Қособа ауылында тұратын Раянаға дәрігерлер көз тамырларының дамуы тежелген, яғни шала туған нәрестенің ретинопотиясы (ретинопатия недоношенных) деген диагноз қойып отыр. Қазақстан бойынша бұл дертке нәрестелердің 17-34 пайызы душар болады екен. Раяна – облыстағы осындай кеселге шалдыққан екі нәрестенің бірі. Дәрігерлер бұл дертке күрделі емнің керегін айтуда. Қараша айының аяғында ата-анасы Раянаны Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласына алып барады. Шала туған нәрестенің ретинопотиясы бойынша ота жасайтын білікті мамандар тек сонда бар екен.
Қайырымдылық кешінің сахнасында Сырым және Қаратөбе аудандарының өнерпаздары өнер көрсетті. Жымпиты халық театры мен Қаратөбе колледжінің студенттері қойған қойылымдар қоғамның түйткілді мәселелеріне қозғау салды. Елдің ерекше ықыласын айтыскерлер Орынбек Меңдіқұлов пен Райымбек Өтепов қабылдады.
«Жүрегіңнен жылулық сыйла!» атты қайырымдылық кешіне сатылған билеттер мен қайырымдылық жәшігіне түскен қаражаттың жалпы көлемі 200 мың теңгеге жуықтады. Оның үстіне атын атамауды сұраған кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлер және Раянаның ауылдастары қосымша қаржылай көмек ұсынды. Шара соңында түскен барлық қаражат Раяна Райымның анасына табыс етілді.
Қазіргі уақытта қамқорлық пен қолдауға мұқтаж, көңілдерін шер, қабақтарын мұң басқан, әр адамнан қайырымдылық, алақандарынан жылулық сезім күткен жандарға қолдау көрсету — біздің басты борышымыз. Бүгінгі жас — егеменді еліміздің болашағы екенін ескерсек, осы балалардан қоғамның тұлғасы болар білімді, тәрбиелі, мәдениетті азаматтар шығуына аз да болса көмегіміз тисе, бұл біз үшін үлкен қуаныш, — деді Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Д.Тайшиев.