Жетістіктері:

  1. «Мақсат» теннис Академиясының жасөспірімдер арасындағы ашық турнирі 10/07/2017 — жеке разрядта 2-орын;
  2. ITF Asia 12 & under Team Championship 05/06/2017 — топтық есепте 1-орын;
  3. Astana Masters 12 & under 27/02/2017 — жеке разрядта 2-орын;
  4. Almaty Masters 10 & under 02/05/2016 — жеке разрядта 2-орын;
  5. Karaganda Masters 12 & under «Technodom Series» 17/10/2016 — жеке разрядта 3-орын;
  6. Хорватия Академиясының кубогі — 2016 11/07/2016 — жеке разрядта 2-орын;
  7. Хорватия демалысы 12 & under 20/06/2016 — жеке разрядта 2-орын;
  8. ҚР Чемпионаты (Almaty Masters 10 & under 06/06/2016) — жеке разрядта 1-орын және аралас жұптық разрядта 1- орын.

Мен бәрібір тенниске барар едім…

Тенниспен айналысып жүргеніме төрт жыл болды. Ата-анам «ҚазақМыс» теннис мектебіне ертіп келгенде жеті жаста едім. Ол кезде теннис туралы көп нәрсе білмейтінмін. Тіпті, үйірмені өзім таңдаған жоқпын. Ата-анам өте белсенді қимылдарыма қарап, менен болашақ теннисшіні көрген екен.

Алғашқыда сабақ пен жаттығуды қатар алып жүру өте қиын болды. Кейін біртіндеп ұната бастадым. Егер ата-анам мені тенниске бермегенде, мен бәрібір тенниске барар едім деп ойлаймын.

Қазір үйреніп қалдым. Күн сайын 6.30-да тұрып, таңғы асымды ішіп, жаттығуға келемін. Мұнда 7.45-тен 11.00-ге дейін болып, сосын мектепке кетемін. Ол жерде кешкі сағат 20.00-ға дейін боламын. Сабақтан шыққан соң үйге келіп, кешкі ас ішіп, үй тапсырмаларын қарап, ұйықтаймын. Ал жазғы демалыста күніне екі рет жаттығамыз.

Карина Жұмажанова, Болашақ чемпион
©Baribar.kz

Алғашқы кездесу туралы

Алғаш рет «Жасыл доп» турниріне қатыстым. Ол кезде теннис ойнауды енді үйреніп жүрген едім. Жүлделі орынға іліге алмадым, бірақ сол кезде өте жақсы ойнадым. Менің қолымнан ондай ойын көрсету келеді деп ойламаған едім. Содан бастап өзіме деген сенімділік пайда болды. Ол – менің бірінші тәжірибем. Одан кейін түрлі турнирлерге қатыса бастадым.

Әрбір теннисшінің өз ракеткасы болады. Ол өзіңе ыңғайлы болуы керек. Менікі 690 сантиметрлік Head Instinct деген ракетка. Салмағы — 270 грамм. Бұл 2017 жылы шыққан жаңа түрі. Оны маған ата-анам туған күніме сыйлады.

мен бәрібір тенниске барар едім
©Baribar.kz

Сэт барысында ешкім ешкіммен дос емес

Кездесулердің алдында толқимын, бірақ ол алғашқы сэттен кейін басылып қалады. Сондай кезде жаттықтырушым Павел Федорович жақсы көмектеседі. Жеңіске жетуіміз үшін мотивация береді. Кейде турнирлерге бізбен бірге бармай қалса, телефон соғып, кеңес сұраймыз. Кіммен, қалай ойнап жатқанымызды сұрайды, түрлі әдістерді айтып береді. Ол – теннистен спорт шебері, бірнеше жыл АҚШ-та қызмет еткен. Менің алғашқы жаттықтырушым.

Теннис арқылы көп достар таптым. Кейде құрбыларыммен ойнайтын кездер болып қалады. Ондайда достығымыз корттың сыртында қалады. Сэт барысында ешкім ешкіммен дос емес. Онда тек мықты жеңіске жетеді. Ойын аяқталған соң, қайтадан дос болып кетеміз.

Теннистен бөлек…

Маған теннистен бөлек футбол, жүзу, баскетбол, тау шаңғысы, хоккей ұнайды. Отбасымда тенниспен мен ғана кәсіби түрде айналысамын. Ал ата-аналарым өздері үшін ойнайды. Олар – әуесқой теннисшілер.

Карина Жұмажанова, Болашақ чемпион
©Baribar.kz

Серена Уильямстан үлгі аламын

Америкалық кәсіби теннисші Серена Уильямсты өзіме үлгі тұтамын. Оның ойын кезіндегі өзін-өзі ұстауы, мінезін, ерік-жігерін ашық көрсетуі ұнайды. Теннисте онсыз жеңіске жету қиын. Кейде жатып алып Серенамен, Мария Шараповамен, Гарбинье Мугуруса Бланкомен, Новак Джоковичпен, Роджер Федерермен, Рафаэль Надаль Парерамен Станислас Вавринкамен кездесуді армандаймын. Олармен кездессем,  үлгі тұтатынымды айтып, қолтаңбасын алар едім. Сосын әрине, суретке түсемін :). Менің солар сияқты теннисші болғым келеді.

Теннис ойнағаннан рахаттанамын. Ол — өте қызықты спорт. Кейде жаттығу кезінде кортқа шығып алып, болашағымды, қалай Олимпиада чемпионы атанып жатқанымды елестетемін.

Әлемнің №1 ракеткасы болуды армандаймын. Барлық шлемдерді ұтып алғым келеді. Бүкіләлемдік теннисшілердің рейтингінде көш бастап тұрамын әлі!

мен бәрібір тенниске барар едім
Карина Жұмажанова жаттықтырушысы Павел Федоровичпен ©Baribar.kz

Баранов Павел Федорович, Каринаның жаттықтырушысы:

Қазір тенниске деген қызығушылық артып келе жатыр. Алматыда мыңға жуық бала тенниспен айналысады. Карина «ҚазақМыс» теннис мектебіне келгенде бірден көзге түсті. Өте зейінді қыз. Айтқаныңды қағып алады. Алғашқы жылдары-ақ 10 жасқа дейінгі балалар арасындағы Қазақстан біріншілігін ұтып алды. Осыдан бірнеше ай бұрын Тәжікстанда өткен Азия чемпионатына қатысқан құрамада болды. Құрамамыз 12 жасқа дейінгі балалар арасында бірінші орын алып келді. Бір сөзбен айтқанда, Каринадан күтеріміз көп!

Сұхбаттасқан: Әсел САРҚЫТ, суреттер Айгүл ХОЖАНТАЕВА

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!