©Egemen.kz

Байқаудың басты мақсаты  – қазақ тілінің қолданылуын дамыту арқылы мемлекеттік тіл саясатын насихаттау.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ұйымдастырылған биылғы байқау үш кезең бойынша өтті. «Өлең сөздің патшасы» деп аталған алғашқы кезеңде қатысушылар Абайдың білім, ғылым және өнер тақырыптарына өрілген поэзиялық шығармаларын немесе қара сөздерін нақышына келтіріп жатқа оқу арқылы сынға түсті. Ал, «Қазақта қара өлеңге дес бермедім» деген атпен өткен екінші кезеңде Мұхтар Әуезовтің әйгілі «Абай жолы» романынан үзінді оқыды. «Құлақтан кіріп бойды алар» кезеңінде қатысушылар Абай  әндерін  әуелете орындап, көпшіліктің ризашылығына бөленді.

Ұйымдастырушылар үміткерлердің өнерін бағалау кезінде олардың көркем мәтінді таңдау талғамына,  өлең оқу шеберлігіне, қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларын сақтап сөйлеуіне, ән орындау нақышына, сахналық өнер көрсету мәдениетіне және қазақтың ұлттық киім үлгісіне баса назар аударылғанын айтты.

Байқауға халықаралық Абай қорының директоры Жұмабек Ашуұлы, М.Әуезов атындағы өнер институтының «Абай және жаңа дәуір әдебиеті» бөлімінің меңгерушісі Қорабай Серікқазы, «Алматы ақшамы» газеті редакторының орынбасары Әуелбек Әнуарбек қазылық етті. Нәтижесінде, ҚазМҚПУ, филология факультетінің 2 курс студенті Турсуной Улугқызы бірінші орынды еншіледі. Халықаралық қазақ-қытай тіл колледжінің шәкірті Любомила Моисеенко екінші орын иегері атанса, жүлделі үшінші орын ҚазМҚПУ студенті Тахмина Юсупжановаға бұйырды.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!