Биыл жиырмасыншы рет ұйымдастырылып отырған «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестиваліне Жібек екінші рет қатысып отыр екен.

«Шабыт» фестиваліне осымен екінші рет қатыстым. Биыл сәттілік серігім болды. Фестивальге бірнеше елдің таланттары қатысты. Әділ қазылар алқасында консерваториялардың ректорлары, дирижерлер, скрипкашы-солистер болды. Олардың бәрі — әлемге танымал өнер адамдары. Бәсекелестерім де оңай шағылар жаңғақ емес. Содан және дайындығым аз болғандықтан, қатты толқыдым. Соған қарамастан барлық мүмкіндігімді көрсеттім деп ойлаймын. Оның үстіне байқауға қатысудан тәжірибем мол. Жеті жасымнан бастап халықаралық конкурстар мен фестивальдерге қатысып келемін»,-дейді Жібек.

Жібек фестивальдің соңғы айналымында Арам Хачатурянның шығармасын орындады.

«Бал кезімнен бері осы туындыға құштармын. Ойнағанда әрбір нотасын сезініп, ләззат аламын. Менің жұлдызымды жаққан шығарма — осы. Әділ қазылар алқасының өнерімді жоғары бағалағанына қуаныштымын. Биылғы фестивальдің бас жүлдесі — «ҚР Президент кубогін» маған бұйырды. Бақыттымын!»- дейді жас скрипкашы.

Жібек Мүсірғалиева — Жезқазған қаласының тумасы. 1999 жылдың 16 шілдесінде дүниеге келген. Әкесі — инженер-құрылысшы, анасы — ұстаз. Жібектің музыкаға деген қабілетін бірінші болып байқап, үйірмеге жаздырған анасы екен. Соның арқасында Жібек қазір Қазақ Ұлттық Өнер университетінде оқып жатыр. Жібектің скрипканы жанына серік еткеніне биыл 14 жыл болыпты.

«Бала кезімнен музыкаға әуес болдым. Соны байқап, анам 4 жасымда скрипка үйірмесіне берді. Содан бері скрипкамен доспыз (күліп). Алғаш рет президент орталығында өнер көрсеттім. Ол кезде 5 жаста едім. Алғашқы ұстазым — ҚР еңбек сіңірген қайраткері Абатова Алма Абдрақашқызы. Одан кейін білім беру ісінің құрметті қызметкері, еңбек сіңірген қайраткер Мұсақожаева Раиса Қожабекқызынан дәріс алып келе жатырмын. Менің жолым болды — кәсіби профессорлардан білім алдым. Күніне 3-4 сағатымды жүйелі түрде дайындыққа арнаймын. Байқауларға қатысатын кезде 5-6 сағатым дайындықпен өтеді. Әйгілі Майкл Джексонның «Ерекше талант иесі болуың мүмкін, алайда дайындалмасаң, жаттықпасаң бәрі желге кетеді» деген сөзі бар ғой. Сол себепті дайындығыма жауапкершілікпен қараймын. Қазір Еркеғали Рахмадиевтің оркестрімен өтетін концертке дайындалып жатырмын»,- дейді Жібек.

Жібек Мүсірғалиева
Жібек Мүсірғалиева, ©сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Жібектің айтуынша, оған классика жанры жақын. Өнерді өмірімен байланыстырған жас жұлдыз И.С. Бах, Н.Паганини, А. Баццини, А.Хачатурян, П.И.Чайковскийдің, отандық композиторлардан М.Сағатов, С. Әбдинұровтың шығармаларын орындаған ұнатады. Одан бөлек Уитни Хьюстон, Лара Фабиан, Марай Кери, Селин Дион сынды жұлдыздардың әндерін де тыңдап тұрады екен.

«Кішкентай кезімде опера әншісі болуды армандайтынмын, бірақ скрипкашы болып кеттім. Бала арманнан оңайлықпен бас тарта алмайсың ғой, соңғы кездері вокалмен айналысып жүрмін. Ән айтудың арқасында музыканы жан-тәніммен түсіне түстім. Ол скрипкада ойнауыма оң әсер етті»,- дейді өзі.

«Талантты адам барлық істе де талантты» деген сөз Жібек сияқты дарындыларға қатысты айтылса керек. Ол скрипкада ойнаумен, жай ойнау емес, жүректі тебіренте ойнаумен қатар, ән де айтады. Осыдан біраз жыл бұрын Amore триосында ән салған. Бірақ өзінің айтуынша, қыздармен бірге дайындалуға уақыт кестесі сай келмегендіктен, топтан шығып кеткен. Қазір қолы бос кезде жеке дайындалып жүр екен.

Жібек Мүсірғалиева
Жібек Мүсірғалиева, ©сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

«Бала кезімнен бері Мұсақожаева Аймен Қожабекқызы мен Давид Ойстрахты өзіме үлгі тұтып келемін. Солар сияқты өнерім арқылы халқыма қызмет етсем деймін. Бұл — менің өмірлік ұстанымым. Әлемнің ең үздік сахналарында өнер көрсетіп, қазақ мәдениетін насихаттауды армандаймын. Өнер мен үшін — өмір. Одан басқа тіршілікті білмеймін»,- дейді Жібек.

Сұхбаттасқан Әсел САРҚЫТ

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар BARIBAR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.