Бейнероликтерді Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақстан аңыздары» жарнамалық кампаниясының аясында BBC өкілдері және Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы бірлесіп түсірген.
Жобаны түсіруге отандық және шетелдік мамандар қатысқан. Бейнероликтерге Оңдасын Бесікбасов, Нұрлыбай Есімғалиев, Шұғыла Сапарғали, Аян Өтепберген, Динара Бақтыбаева, Фариза Ескермес және т.б. актерлар түскен.
Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының вице-президенті Серік Жұбандықовтың айтуынша, «Қазақстан аңыздары» кампаниясының басты мақсаты — туризмді дамыту.
«Осы жылы көктемде Президент Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында еліміздің Үшінші жаңғыруын орындау мақсатындағы басты жоба деп – «Қасиетті Қазақстан» жобасын атаған болатын. Ұлттық кодымыздың негізі болып табылатын, халқымыздың бай мұрасын және мәдениетін насихаттау үшін, «Қазақфильм» киностудиясы BBC World News телеарнасымен бірлесе отырып, «Қазақстан аңыздары» атты жарнамалық кампанияны бастап кетті. Кампанияның басты мақсаты – сыртқы және ішкі мәдени туризмді дамыту. Ол өз кезегінде әлемдік бәсекелестікке жол бастайды, – деді ол.
Айта кетейік, түсірілім қыркүйек айында «Қазақфильм» киностудиясында және Есік, Үшқоңыр, Түркістан, Қапшағай қалаларында өткен.