«Қазақстан-Орал» телеарнасы «AQJAI’YQ» атауына өзгерді

«Қазақстан» РТРК» АҚ БҚО филиалының директоры Асыланбек Ғұбашевтың айтуынша, жаңа атауды корпорация басшылығы толық қолдаған.

«Жаңа ребрендинг — Ұлттық медиақұрылымдағы сапалы визуальды өзгерістердің бірі. Біздің арнаның да атауы «AQJAI’YQ» болып өзгерді. Жайық өзенінің Қазақстан аумағымен ағып өтетін ең ұзын бөлігі Батыс Қазақстан облысына тиесілі. «Ұранды мекенді, қыранды мекенді», мақтанышқа айналған Жайықты әсерлі жырға, әдемі әнге қосамыз. Басқа жаққа барғанда да «Батыстан келдік» дегеннен гөрі «Ақжайық өңірінен келдік» дегенді тәуір көреміз.  Сондықтан облыс басшысымен келісе отырып, арнаны «Ақжайық» деп атауды ұсындық. Корпорация басшылығы бұл ұсынымды толық қолдады», — деді ол.

Сондай-ақ, Асыланбек Ғұбашев жаңа телемаусым тың форматпен жүргізілетінін айтты.

«Жаңа телемаусымда сегіз жоба жүзеге асуда. Жаңаша формат керек. Күні бүгін біздің эфир кестесінде 34 телехабар бар. Оның 21-і ақпарттық сараптама, 16-сы танымдық-көпшілік, төртеуі ток-шоу. Арнада қызмет жасайтын әр журналист жаңа маусымға жаңа жобалары мен ұсыныстарын енгізді. Біз соны қолдадық», — деді филиал директоры.

Айта кетейік, еліміздегі барлық өңірлік телеарналарда жаңа маусым басталды.

ДереккөзInform.kz