Ақмола облысының әкімі «Оқжетпес» ФК кездесті

Кездесуде клуб алдында тұрған басты міндет биыл қайткенде де премьер-лигадан шығып қалмау мәселесі қаралды. Премьер-лигада ең соңғы орында тұрған «Оқжетпес» футбол клубының басынан соңғы ойындарда бұлт арылмай-ақ қойды. Командадағы аяқ доп шеберлерінің ойынына жанкүйерлердің қарыны ашады. Ол жайында бұқаралық ақпарат құралдарында талай мәрте айтылып та, жазылып та жүр. Алда әлі бес ойын бар. Бұл кездесулерден ұпай жинау команданың бірінші лигаға түсіп қалмауы үшін ауадай қажет.

«Оқжетпес» футбол клубының жанкүйерлері сүйікті командасының алдағы ойындарында жақсы нәтижеге қол жеткізіп, еліміздегі кілең мықты командалар ойнайтын жоғарғы топта қалатынына сенім артып отыр. Жергілікті команданың соңғы кездесулерде жеңіске жетуі келесі жылы премьер-лигада ойнауына жол ашады деген үміт отын оятады. «Мен бірінші кезекте команда жанкүйерлеріне алғыс білдіремін. Екіншіден команда маусым барысында біздің үмітімізді ақтай алмады. Сондықтан, клуб басшылығымен қош айтысуға тура келді. Ұдайы осылай бола беру мүмкін емес. Сол себепті біз өңірде футболдың дамуына жол ашатын ішкі реформаларды қолға алатын боламыз», дей келе аймақ басшысы команданың төмен көрсеткішке жетуінің себептерін атады.

«Командаға қажетті материалдық-техникалық база, инфрақұрылым бәрі бар. Бірақ нәтиже жоқ. Бұл әрине, клубтың тиімсіз менеджменті мен селекциялық жұмыстардың әлсіздігінен болып отырғанына көз жеткізе аламыз», деді аймақ басшысы.  Сонымен қатар, кездесуде команда ойыншыларының қалған кездесулерде жігерлік танытып, қайткен күнде де жеңіс жетулері сөз болды. «Біздің премьер лигада қалуымызға мүмкіндігіміз бар. Сондықтан футболшылар барын салуы қажет. Соңғы орын «Оқжетпеске» лайық емес, 2016 жылғы маусымда команда 5-ші орыннан көрінді. Команданың жанкүйерлер алдындағы басты міндеті — сенімді жоғалтпау. Сол себепті жанкүйерлері де сүйікті командасына қолдау білдіреді деп сенемін», — деді аймақ басшысы.

Кездесу барысында командаға легионерлерден гөрі, жергілікті ойыншыларды тарту, материалдық-техникалық базаны одан əрі нығайту, талантты жастарды тәрбиелеу туралы жанкүйерлердің сауалдарына да құлақ түрілді.

Еске сала кетейік, «Оқжетпес» клубы қазанның 15-і күні күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген өз алаңында «Тараз» командасын қабылдайтын болады. Қазіргі кезде оқжетпестіктер 28 ойында 21 ұпай жинап, турнир кестесінің соңғы 12-ші орнында тұр.