Ақмола облысының үздік теміржолшылар байқауы өтті

Олар Есіл станциясында еңбек етеді.

«Байқауға машинистер, пойыз құрастырушылар, вагон қараушылар, басқа да станцияда еңбек ететін түрлі мамандық иелері қатысты. Олардың ішінде Павел Ивкин үздік машинист атанды. Ол Бурабай шипажайы станциясындағы локомотив пайдалану депосында қызмет етеді», — дейді «ҚТЖ-Жүк тасымалы» -Ақмола ЖТ бөлімшесі» филиалының бас инженері Сырманхан Керімбеков.

Оның айтуынша, байқаудың алғашқы кезеңінде станциялардың, вагон және локомотив деполарының үздік мамандары таңдалды. Бірінші кезеңде үздік шыққандар Жүк тасымалы бөлімшесінің финалдық  байқауына қатысты.

«Байқау барысында қатысушылардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етудің теориялық және практикалық білу деңгейі тексерілді.  Теміржолды техникалық пайдалану Ережесі, Теміржолдағы белгі беру және байланыс нұсқаулығы, Теміржолдағы пойыз қозғалысы мен маневрлік қозғалыстары Ережесі, Еңбек қауіпсіздігі Ережесі назарға алынды»,- дейді Б. Керімбеков.

ЖТ Ақмола бөлімшесінің үздік машинисі Павел Ивкиннің айтуынша, «жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Байқау аса тартысты өтті. Қатысушылардың арасында мықтылар көп. Мен осындай әрі құрметті, әрі жауапкершілігі мол атақты алғаныма  қуаныштымын».

«Үздік пойыз құрастырушы», «Үздік вагон қараушы-жөндеуші», «Үздік локомотив машинисі» атағына байқау «ҚТЖ» ҰК» АҚ барлық аймақтық бөлімшелерінде өткізілуде. Мұндай сайыстар теміржолшылардың кәсіби біліктілігін үнемі жетілдіріп отыруына ықпал етеді.