Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұловтің өкімімен білім басқармасы басшысының орынбасары Болат Жанәбіл жастар басқармасының билік тізгінін ұстады. Жаңа басшы меритократия қағидасы бойынша лауазымды қызметке тағайындалды.
Болат Серікұлы 1982 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданы, Леңгір қаласында дүниеге келген. Еңбек жолын 2002 жылы Шымкент қалалық әкімдігінде жастармен жұмыс жүргізу бөлімінің келісімшарт бойынша инструкторы болып бастаған. Содан соң аталған бөлімнің жетекші, кейін бас маманы болып, бөлім басшысы қызметтеріне дейін көтерілген.
2007-2010 жылдар аралығында облыстық ішкі саясат басқармасының жастар бөлімін басқарған.
2010 жылдан 2012 жылға дейін ҚР Білім және ғылым министрлігі Жастар ісі комитетінің бас сарапшысы, 2012 жылдан бастап облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының орынбасары болды. Кейін бұл мекеме білім басқармасымен біріктірілді. Содан бері Болат Жанәбіл жаңа қызметке тағайындалға дейін аталған мекеме басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.
Айта кетейік, 2014 жылдың күзінде облыстағы дін істері, жастар, тілдерді дамыту және тағы да басқа басқармаларды өзге мекемелермен біріктірілген болатын. Алайда ағымдағы жылдың басында төрт басқарма қайта құрылды. Олардың қатарында жастар басқармасы да бар.