Сонау 1990 жылдардан бері Алматы қаласының студенттері арасында Қытайдың доширактары аса танымал болса, бүгін де доширакты фастфуд өнімдері ауыстыру үстінде. Ал біздің қолымызға қалам алуға түрткі болған жайт British Medical Journal ұйымы жүргізген зерттеу жұмысы. Аталмыш ұйым 14 жыл бойы зерттеу жүргізіп, фастфудтың кесірінен еркектің бала туу қабілеті азаятындығы, адамдардың асқазан ауруы, семіздік пен жүрек талмасына жиі ұшырайтындығын дәлелдеді. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, бүгінде семіздіктен 250 млн, яғни жер халқының 7% азап шегуде. Бұл туралы медициналық зерттеулер: «бір ғана орташа көлемдегі гамбургер немесе бір стакан кока кола 1500 колорияға тең. Негізі күнделікті адамның бір күндік тамағы 1500 колорияны құрау керек», — дейді. Мүмкін, сіз, қазіргі кезде тұтынып жүрген кез келген тағам түрі зиян деп ойлап отырған шығарсыз? Дегенмен, статистика сүйенсек, елімізде әр 100 мың тұрғынның 2273 мыңы жүрек ауруына, үйленген жастардың шамамен 10%-ы бала көтере алмайтын жағдайға жетеді екен. Ал жоғарыда келтірілген дерекке фастфудтың өз үлесін қосып отырғаны даусыз.
Тарихқа көз салсаңыз…
Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, 1920 жылдары ең бірінші фастфуд тағамы Америкада қолданысқа ие болған.1921 жылы АҚШ-тың Канзас қаласында White Castle атты компания ашылып, алғашқылардың бірі болып гамбургер дайындаған еді. Кейіннен бағасы тым төмен болғандықтан тұрғындардың сенімсіздігін тудырады. Сол шақта компания қызметкерлері бірнеше адамға ақ халат кигізіп, ауруханалардың алдында гамбургер жегізеді. Нәтижесінде халықтың санасында «дәрігерлер жейтін тамақтың неге бізге зияны болу керек?» деген ой қалыптасады. Осылайша, компания келушілерді гамбургердің бағасының тұрақтылығымен жаулап алады. Ал1940 жылдардың соңында White Castle компаниясының мықты бәсекелесі болып McDonald’s компаниясы бой түзеді. Сол жылдан бастап McDonald’s компаниясы алпауыт компаниялардың бірі болды.Тоқсаныншы жылдары гамбургер кедейлерге арналған зиянды тағам болып есептелінетін. Оны қала көшелерінде ғана үйсіз-күйсіз адамдарға сататын болған. Тек кейінірек бұл тағам ресторандарға жол тартады. Бүгінде Aмерикада әрбір 10 адамның тоғызы кем дегенде айына бір рет McDonald’s ресторанына барады.
Қызық дерек: Америкалықтар 1970 жылы фаст-фудқа 6 миллиард доллар жұмсаса, бұл көрсеткіш 2011 жылы 142 миллирд долларға өскен. 1956 жылы АҚШ-та McDonald’s-тың 14 мейрамханасы болса, 1960 жылы — 228, 1984 1990 жылы — 11800. Бүгінде McDonald’s әлемнің 119 елінде 30 мың бөлімшесі бар.
Қалыптасқан жағдай…
Алматы қаласында соңғы уақытта фастфуд тағамдарына деген сұраныс жоғары әрі студенттеріміз де үйір. Меніңше, олар бір сәт «Фастфуд тағамдарын жиі қолдану қаншалықты зиян?» деген сұраққа ойланып көрмеген. Мысалы, Америкада фастфуд өнімін тұтынатындардың 98% тамақтың пайдалы немесе зияны екендігіне мән бермейді екен.
Сонымен, Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы жасаған статистикаға қарағанда еліміз Орта Азия бойынша семіздікке душар болған елдердің көшін бастап тұр. Еліміздегі «Тағамтану» академиясының мамандары дұрыс тамақтануға байланысты дабыл қағуда. Неге? Себебі, еліміз бойынша орта есеппен балалардың 28%-ы, ал кейбір өңірлерде сол аймақтағы балалардың 33%-ы артық салмақпен ауырады екен. Ересектер арасында болса, артық салмағы бар 55% адам тіркелген. Осыған байланысты мамандар «фаст-фудпен тамақтануға мүлдем болмайды» дейді. Мұндай тағамдардың құрамында майлар мен консерванттар көп болғандықтан, дәрумендер мүлдем жоқ. Одан өзге ғалымдардың пайымдауынша, бұл жағдай адамды психологиялық және химиялық тәуелділікке әкеп соқтырады. Өйткені, аталған өнімдерді жасаушылар оның дәмін күшейтетін арнайы қоспаларды қосады да, сол арқылы тұтынушыларды өзіне тартады екен. Тез тамақтанудың кесірінен ас қорыту жолдары қиындайды.
Анар Қуатқызы, диетолог: Фаст-фуд тағамдарын дайындау барысында маргарин көп мөлшерде қолданылады. Маргариннің құрамында жасанды өнім, яғни, транс майлар көп. Ал шетелдік профессор Джаоа Бред трансмайларды «у» деп атапты. Сол себепті бірқатар еуропалық елдер трансмайлары көп фастфудтық тағамдардан заңды түрде бас тартқан. Сол елдің бірі – Ұлыбритания. Ал біздің елде керсінше фастфуд тағамдарын сататын дүкендер күн санап артуда. Егер балаларымыздың денсаулығы мен болашағын ойласақ шетелдік фастфуд тағамдарын сатуға тыйым салу біздің елге де қажет.
Түйін
Ежелгі Шығыс даналығында «қандай ас ішсең, сондай ұрпақ өспек» деген тәмсіл бар. Сондықтан алдымыздағы асымызға адал болайық.