Басты бетҚоғамҚазақстанның үкіметтік...

Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдары арасында үздік әлеуметтік жоба анықталды

Іс-шараны Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ, Республикалық Достық Үйінің жұмысын қамтамасыз ету қызметі және «Қазақстанның ҮЕҰ АРО ұлттық жүйесі» Ассоциация нысанындағы ЗТБ ұйымдастырды.

Алматы қаласының мақсатты топтары үшін әлеуметтік қызмет көрсету саласында жұмыс істеп жұрген үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік жобаларын таныстыру мен әлеуметтік сала ұйымдарының оң имиджін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған шара аясында «Табысты әлеуметтік жобалардың тарихы» тақырыбында шеберлік сыныптары жүргізіліп, әлеуметтік жобаларды талқылау үшін дөңгелек үстел өткізілді.

Дөңгелек үстел

Сондай-ақ, шара аясында әлеуметтік идеялар мен жобалардың жәрмеңкесі өтті. Оған 31 үкіметтік емес ұйым қатысып, 36 әлеуметтік жоба ұсынылды.

«Ұсынылған әлеуметтік жобалардың ауқымы кең. Олар экология мәселесі, жастарға патриоттық білім беру, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар, сейсмоқауіпсіздік секілді қоғамдағы маңызды мәселелерді қамтыған. Аталымдарды біз Алматыны дамытудың 7 басымдығы бойынша бөлдік. Бұл жұмыстардың барлығы да мемлекеттік тапсырыс тізіміне енгізу үшін мемлекеттік органдарға жолданады»,-деді Алматы қаласының Ақпараттық орталығы қорының директоры Алтынай Көбеева.

Жобалар байқауы Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының басымдықтарын және «Алматы-2020» даму бағдарламасының басты бағыттарын ескере отырып өткізілді. Әлеуметтік маңызға ие 7 жоба үздік деп танылып, марапатталды. Бағалау төмендегі бағыттар бойынша жүргізілді:

  • Жайлы қала;
  • Қауіпсіз қала;
  • Әлеуметтік бағытталған қала;
  • Экономикалық тұрақты қала;
  • Бизнес пен жеке капитал үшін арналған қала;
  • Интеграцияланған қала;
  • Белсенді азаматтар қаласы.

«Елімізде Үкіметтік емес ұйымдардың жұмыс істеу жүйесі жүйесі жеңілдетіліп жатыр. Аталған ұйымдар бұрын жеке жұмыс істейтін болса, қазір «Қазақстанның ҮЕҰ АРО жүйесі» олардың басын біріктіріп, демеушілерді өзі іздейді. Үкімет пен ұйымдар арасына дәнекерлік жасап, ұйымдардың жобасын жүзеге асыруға көмектеседі. Байқаулар да артық құжаттарсыз, оңай жүзеге асырылады. Ондағы ең маңызды назар аударарлық мәселе – идеяның маңыздылығы, оның құндылығы болып табылады», — дейді әлеуметтік жобалар жәрмеңкесіне өз жобасын ұсынған Арман Әубәкір.

Арман Әубәкір

Айта кетейік, «Қазақстанның ҮЕҰ АРО ұлттық жүйесі» Ассоциация нысанындағы ЗТБ Алматы қаласы ішкі саясат басқармасының қолдауымен 2017 жылдың сәуір-қазан айлары аралығында «Үкіметтік емес ұйымдар» мектебі жобасын жүзеге асырған болатын.