Асқарбек Үйсімбаев Ақмола облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды

Мәжілісте аймақ  басшысы ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен және өзінің өкімімен облыс басшысының орынбасары қызметіне Асқарбек Үйсімбаевтың тағайындалғанын айтып, оның еңбек жолы туралы қысқаша баяндап берді.

Аймақ басшысы, сондай-ақ, өз өкімімен облыстық  кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы болып Ербол Жақсылықовтың тағайындалғанын мәлім етті. Облыс әкімі жаңа тағайындалған Асқар Үйсімбаев пен Ербол Жақсылықовқа қызметте табыс тіледі.

Сонымен қатар, Мәлік Мырзалин басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен кеткен облыс әкімінің орынбасары Егор Каппельге ескерткіш сыйлық және алғыс хат тапсырып, аймағымызды дамыту бағытындағы атқарған  жұмыстары үшін алғысын айтты.

Асқарбек Съезбекұлы Үйсімбаев 1961 жылы бұрынғы Целиноград облысы Балкашин ауданы Веселое ауылында туған. Екі жоғары білімі бар. Целиноград инженерлік-құрылыс институтын инженер-механик және Мәскеу құқық институтын менеджер мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын Целиноград облысы Балкашин ауданындағы «Веселое» кеңшарында бастаған. 1991-1998 жылдары аралығында ауыл шаруашылығы өнеркәсібінде жауапты қызметтерде болды. 1998-2002 жылдары Бұланды ауданының әкімі, 2002-2004 жылдары Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметтерін атқарды. 2004-2012 жылдары Ақкөл ауданының, 2012-2013 жылдары Целиноград ауданының әкімі болып қызмет істеді. 2013 жылдан бүгінгі күнге дейін Жарқайың ауданының әкімі қызметінде болды. «Парасат», «Құрмет» ордендерімен және мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Ербол Жақсылықұлы Жақсылықов 1976 жылы Көкшетау қаласында туған. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін инженер-экономист мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 1998 жылы Көкшетау қаласы әкімі аппаратының экономика басқармасында бас маман ретінде бастаған. Мемлекеттік қызметте алты жыл еңбек өтілі бар. 2004-2008 жылдары аралығында Ақмола облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары, кейін басшысы қызметтерінде болды. Әр жылдары «Морпорт Ақтау» арнайы экономикалық аймағы дирекциясының директоры, «Есіл» ӘКК Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы қызметтерін атқарды. Тағайындалғанға дейін Ақмола облысының 716 kz ақпараттық порталының директоры және құрылтайшысы болды.