Берік Арын: Жаңа заң елдегі діни ахуалдың тұрақтылығына кепілдік береді

Вице-министр Берік Арын бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, діни ұйымдардың өкілдерімен және «Ақниет»ҚҚ, «Жезтағылым», «Фурхан», «Үміт мекені» қоғамдық ұйымдарының басшыларымен,   сондай-ақ «Қазақмыс» ЖШС Корпорациясының еңбек ұжымымен кездесті.

Қарағанды облысында бейбітшілік пен келісімді нығайтуға өз үлесін қосып отырған 314 діни бірлестік жұмыс істейді. Дегенмен, өңірде деструктивті діни идеологияның таралуына және оның теріс әсер етуіне ықтимал мәселелер әлі де бар.

Кездесу барысында дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын елдегі діни ахуалды жақсарту бойынша қабылданатын шаралар туралы, деструктивті ағымдардың ықпалына және қызметіне қарсы тұру жайында әңгімеледі. Вице-министрдің ақпаратына сәйкес, қазіргі күні Министрлік әзірлеп жатқан — діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері туралы заң жобасы Қазақстан Республикасының Үкіметінің қарауына енгізілген.

«Заңнамаға енгізілетін түзетулер елдегі діни ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етуге, деструктивті діни ағымдардың идеяларын таратуды болдырмауға бағытталған. Сонымен бірге, халықтың ұсыныстары да назардан тыс қалмауы қажет, тұрғындар өз тарапынан теріс діни ағымдардың алдын алу жұмыстарында  белсенділік танытуы керек», — деп Берік Арын өз пікірімен бөлісті.

Ал, сенатор Сергей Ершов Жезқазғандық жерлестерін аталған мәселеге қарсы күресте қоғамда белсенді болып, барлық күш-жігерлерін біріктіруге шақырды. Халық қалаулысы жас ұрпақтың теріс діни ағымдарға бет бұрмай, бойларын аулақ ұстаулары керектігін ашық айтты.

Бұдан бөлек, Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Б.Арын «Акниет» қоғамдық қорының жергілікті филиалына барып, осы орталықтың оңалту курстарында жүрген адамдармен кездесті.