Батыс Қазақстандағы байырғы білім ордасы 85-ке толды

Конференцияға Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғ.Оспанқұлов, Сауд Арабиясынан келген ғалым Питер Оррелл, Германияның Мюнстер университетінің профессорлары Мартин Арндт, Карла Томкинсон, АҚШ-тың Миссисипи университетінің профессоры Чандраути Персауд, Польшаның Ұлы Казимир атындағы университетінің қаржы және ұйымдастыру жұмыстары бойынша проректоры Збигнев Буковски, осы университеттің халықаралық бағдарламалар орталығының директоры Аниэла Янишка-Бекир, оңтүстіккореялық Санг Конг Хое университетінің профессоры Ли Джонг Хюн арнайы қатысты.

Конференцияда көптеген өзекті мәселелер көтеріліп, ұтымды ойлар айтылды. Атап айтқанда, «Рухани жаңғыру» институтының директоры, т.ғ.д, профессор А.Тасмағамбетов «М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың білім және ғылымдағы жетістіктері мен стратегиялық дамуы» тақырыбында баяндама жасаса, Ұлы Казимир атындағы проректоры Збигнев Буковски «Польша елінің ЖОО-дағы білім беру жүйесі» жайлы айтып берді.

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 85 жылдық мерейтойы, сонымен қатар, өнер додасы арқылы да көрермендерге керемет көңіл-күй сыйлады. Атап айтқанда, «Елдіктің өшпес рухы — ер Махамбет » атты аймақтық домбырашылар байқауы екі күнге ұласып, күй додасының үздіктері анықталды. Өнерлі өрендер жарысының аймақтық кезеңінде М.Өтемісов атындағы БҚМУ студенті Зинеденов Жасұлан бас жүлдені иеленсе, тағы бір жас талант Жоламанов Асылхан бірінші орынға көтерілді. Ақтөбелік Балмағанбетов Бекарыс пен атыраулық Қайратов Зұлқарнай екінші, маңғыстаулық Артықов Жанат, оралдық Қодаров Әділбек, атыраулық Оңайбаев Әділет үшінші орынды еншіледі. Университеті басшылығының сендіруінше, болашақта бұл байқаудың аясы кеңейе түсіп, республикалық деңгейде өтетін болады.