Үздік журналистер анықталды

Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда діни радикализм, экстремизм мен терроризм жер жаһанды қатты алаңдатып отыр. Әлемді дүрліктіріп жатқан оқиғалар да оған нақты мысал. Мұндай келеңсіздіктердің алдын алу үшін елімізде түрлі ағартушылық жұмыстар қолға алынып, діни-рухани, қоғамдық бағытта келелі істер атқарыла бастағаны ақиқат. Осы орайда, 17 қазан күні Ұлттық журналистік зерттеу орталығы дін саласындағы өзекті мәселелерге арналған 4 айлық журналистер арасындағы байқаудың қорытындысын шығарып, үздік шығарма иелерін ақшалай сыйақылармен марапаттады.

Діннің атын жамылып, әлемді тітіркендіріп отырған экстремиз және теріс ағымдармен кейінгі жылдары еліміз де бетпе-бет келе бастады. Оның басты себебі – кейбір қоғам мүшелерінің қолжетімді ақпараттарды сараптай білмеуінде жатса керек. Өйткені, діни және құқықтық тұрғыдан сауаттылығы жетіспеген адамның кез келген діни бастамаға салыстырмалы күйде қарауға мүмкіншілігі жетпейді. Осының салдарынан теріс ағымның жетегінде кеткенін білмейтін, өз ұлттық табиғатына қарсы шыққанын сезінбейтін, жалпымемлекеттік қағидаттарға қайшы келетінін ұғынбайтын бедеу ойлы, жалпыадамзаттық құндылықтарды мойындамайтын алқа-қотан әрі оқшау азаматтар мен топтар пайда болып, қоғамның берекесін қашыра бастағанын байқамайды.

Діни экстремизм мен теріс ағымдардың алдын алу үшін қоғамдық деңгейде профилактикалық жұмыстар аса қажет. Ол үшін қырғи-қабақ дүниеден қиядағыны шалып пікір айтатын, кетеуі кеткен келеңсіздіктің түйінін тарқатып, шешімін көрсететін, рухани ағартушылықты негізі миссиясы ретінде түсінетін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің рөлі басым екені айтпаса да белгілі. Осы бастаманы құп алған Алматы қалалық Дін істері жөніндегі басқармасы биыл үлкен іске мұрындық болды.

Естеріңізге сала кетейік, аталған басқарманың әлеуметтік маңызды жобалары негізінде Ұлттық журналистік зерттеу орталығы 2017 жылдың 1 маусымы мен 1 қазаны аралығында дін саласындағы өзекті мәселелерге байланысты журналистер арасында үздік шығармаларға байқау жариялап, жүлдені жалпы қорын 1 млн. теңге деп белгілеген болатын. Бұл шығармашылық додаға Қазақстан журналистикасының қарашаңырағы – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультеті де қолдау танытты.

Айта кету керек, бәйгенің басты талабы – Қазақстанның зайырлы мемлекеттік құрылымын қарапайым әрі ұғынықты тілмен түсіндіру, мемлекеттік саясаттың заңнамалық талаптарын ұғындыру, діни экстремистік ағымдарды әшкерелеу, дәстүр мен діннің өзара байланысын жеткізу, діни экстремизмнің алдын алу, теріс діни топтардың идеологиясы мен олардың зияндығын ашып көрсету. Қандайда бір діни ұстанымды немесе дінді насихаттауға бағытталған материалдар қабылданған жоқ. Ақпараттық және көркем-публицистикалық дүниелер жанрлық жағынан да екшеліп, ағартушылық-ұйымдастырушылық бағыт тұрғысынан да сараланды.

Алматылық журналистер арасында ұйымдастырылған байқаудың қорытындысы 18 қазан – Рухани келісім күні қарсаңында шығарылды. Ұзын-саны жүзге жуық шығармаға республикамызға белгілі тұлғалар қазылық жасап, 17 қазан күні жеңімпаздарды марапаттау салтанаты болып өтті. Онда «Үздік әлеуметтік бейнеролик» аталымы бойынша «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан Жұлдыз Құлжасбаева, «Үздік телебағдарлама» аталымы бойынша «Алматы» телеарнасынан Айдос Жұқанұлы, «Үздік радиобағдарлама» аталымы бойынша «Шалқар» радиосының жетекшісі Болатбек Төлепберген, «Интернет желісіндегі қазақ тіліндегі ең үздік материал» аталымында «Nur.kz» сайтынан Арай Аюпова, «Интернет желісіндегі орыс тіліндегі ең үздік материал» аталымында  «Bnews.kz» сайтынан Айгүл Мұханбетова, «Мерзімді басылымдардағы қазақ тіліндегі ең үздік мақала» аталымында «Қазақтан-Заман» газетінен Бауыржан Кәріпов, «Үздік интернет желі» аталымында «baribar.kz» сайты, «Әлеуметтік желілердегі ең үздік белсенді қоғамдық топ» аталымында Instragram желісіндегі «Біз терроризмге қарсымыз» парақшасы, «Ең белсенді блогер» аталымында Жолымбет Мәкіш жеңімпаз атанды. Жеңімпаздар 100 мың теңге көлеміндегі сыйақы және арнайы дипломға ие болады.

Сонымен қатар, өзге де танымал журналистер, атап айтар болсақ, «Айқын» газетінің шығарушы редакторы Ермахан Шайхыұлы, «Нұр-Мұбарак» университеті баспасөз қызметшісі Айша Кеңесбай, «31-арна» «Информбюро» ақпараттық бағдарламасы орыс редакциясының тілшісі Ардақ Камал, «Қазақстан» арнасының тілшісі Ержан Қалымбайұлы, белгілі журналист Ерлік Ержанұлы аранйы тағайындалған ынталандыру сыйлығына лайық деп танылды. Оларға 20 мың теңге мен арнайы дипломдар табыс етілді. Салтанатты марапаттау шарасында жиналғандар тарапынан мұндай діни-рухани және ағартушылық бағытындағы жұмыстарды одан әрі де көбейту мәселелері жан-жақты айтылды.