Үздік 20 мектеп жаңа спорт жабдығына ие болады

БҚО әкімдігі және облыстық білім басқармасының қолдауымен өтетін байқау мектеп оқушыларының дене белсенділігін нығайтуды, спортқа құштарлығын арттыруды, халық арасында салауатты өмір салтын насихаттауды көздеп отыр. Аталмыш байқауға БҚО аумағында орналасқан, спорттық сайыстарға қатысуда тәжірибесі мол, арнайы спорт залы бар орта мектеп ұжымдары қатыса алады.

Ниет білдірген, қызығушылық танытқан жергілікті білім ошақтары БҚО білім басқармасына 14-ші қарашаға дейін өтініш беріп, жоба презентациясын (15 слайдтан аспау) жасап, «Ең үздік мектеп-біздің мектеп» 1 минуттық бейнеролигін ұсынулары қажет. Арнайы құрылған комиссияның ұйғарымымен жеңімпаз атанған 20 мектеп ағымдағы жылдың қараша айында анықталып, олардың әрқайсысына австриялық AVK GmbH компаниясының спорттық жабдықтар жиынтығы сыйға берілетін болады.

2010 жылдан  2015 жылға дейін «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы әр түрлі әлеуметтік маңыздағы салаларда қайырымдылық және демеушілік жобаларын  Бірыңғай оператор — «СК-Астана» арқылы қолдады. 2016 жылы қаңтарда «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы Бизнес трансформация бағдарламасының аясында Бірыңғай оператор — «СК-Астана»  «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры болып қайта құрылды.

«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры министрліктер мен мемлекеттік органдардың көмегімен әлеуметтік маңыздағы және өзекті мәселелерді шешуге бағытталған қайырымдылық жобаларын дайындайды.  Байқау негізінде үздік республикалық қоғамдық ұйымдарды анықтап, оларға қайырымдылық жобаларын жүзеге асыру үшін қаражат бөледі.