БҚО жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен «Жас қанат» жастар қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған кездесуге 100-ге жуық студент қатысты. Басқосуда топ мүшелері жастарға «Рухани жаңғыру», «Туған жер», «100 нақты қадам» жобаларының маңызын түсіндірді. Сонымен қатар, өте өзекті болып отырған Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын, «Дипломмен ауылға», «Қолжетімді баспана-2020», «Жұмыспен қамту-2020», «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім», «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру», «Жасыл ел» және т.б. мемлекеттік, салалық, өңірлік бағдарламаларды түсіндірді. Кездесу барысында болашақ университет түлектері өздерін толғандырып жүрген сұрақтарына жауап алды.
Жалпы, БҚО-да жастарды жұмыспен қамтуды көздеген жәрмеңке жыл басынан бері үш рет өткізілген. Жәрмеңкеге облыстағы мемлекеттік және жеке секторда еңбек ететін 48 жұмыс беруші қатысып, келушілерге 868 бос орынын ұсынды. Жастар жағы, әсіресе, аудандарға баруға құлықты.
-Мен оқуымды сырттай бөлімде жалғастыруға өтініш берген едім. Енді, жұмыс іздеп, аудандарды аралаймын ба деп ойлап жүргенімде осы жәрмеңкеге тап болдым. Бір қуаныштысы, бұл жерде аудандардың өкілдері жұмыс ұсынып жатыр. Сол себепті, уақыт жоғалтпай ауылдық жерден жұмыс табатыныма сеніп отырмын, — дейді қаладағы жоғары оқу орындарының бірінің студенті Марат есімді жігіт.
Жәрмеңкенің жаңалығы ретінде бейнеэкрандардың кеңінен қолданылуын айтуға болады. Экранға шыққан бос жұмыс орындары туралы мәліметті үміткер сол бойда көзбен көріп, телефон арқылы тікелей тілдесуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ, жәрмеңке шеңберінде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының мамандары екі шеберлік кластарын өткізді. Онда дұрыс резюме жазу, әңгімелесуден өтудің қыр-сыры туралы кеңестер берілді.