«Қызды қырық үйден тыю» деп арулардың әдебі мен арын сақтаса, «қыз бала — қонақ» деп үлкен құрметке лайық санайтын болған. Адал жар, ақылды әйел, күллі қазаққа ана бола білген Домалақ ана, Бегім ана, Айша бибідей аналарымыз — даналықтың көрінісі. «Тарих атасы» Герадоттың өзі таңдана жазған сақтардың Тұмар ханшасы қазақ әйелдерінің басшы да бола білгенін байқатады. Ел шетіне жау тиген қиын-қыстау заманда ер-азаматтармен тізе қосып, «Алаш» деп атқа қонған аруларымызда аз болмаған. Болашаққа қадамымыз нық болуы үшін өткенді саралап, батырлықпен тарих беттерінде өшпестей орын қалдырған қазақтың батыр қыздары жайында жазуды ұйғардық.
Зарина
Біздің заманымыздан бұрын 4 ғасырдың аяғы – 5 ғасырдың басы – ежелгі сақ тайпасын билеген патшайым. Ол туралы тарихи деректер ежелгі дүние тарихшылары Диодор, Ктесий жазбаларында кездеседі. Зарина есімі ежелгі Ассирия, Мидия елдерінің Азиямен байланысы тұсында айтылады. Мидия өзін бағындырғысы келген Парфия мемлекеті үшін сақ тайпаларымен соғысады да, Мидия ханзадасы Стриангия Заринаны жаралайды. Екі жақ та үлкен зардап шегеді. Ақыры олар келісімге келіп, дос әрі одақтас болуға уағдаласады. Осы оқиғалар тұсында сақ тайпасын басқарған патша Зарина болатын. Ол өзінің батылдығы, сұлулығы және ақылдылығымен дараланған. Сақ жеріне көз тіккен көрші патшалардың талайын жеңіп, ел тұрмысын жақсартқан, көптеген қалалар салдырған. Зарина тағдырына байланысты туған “Зарина және Стриангия” атты жыр да бар. Оның мазмұны бізге толық күйінде жетпесе де, қаҺармандық эпос рухындағы туынды екені анық. Зарина өлгенде ел-жұрты оның басына үшбұрышты пирамида орнатып қастерлеген. Орыс тарихшысы В.Н. Татищев (1686 – 1750) құрастырған сөздікте Заринаның сом алтыннан жасалған ескерткіші жәйлі дерек бар. Заринаның ерлік істері көне түркі тарихы мен әдебиетіндегі «Қырық қыз», “Баршын қыз” секілді жыр-дастандар мазмұнына келіп ұласады.
Бопай ханша
Бопай — Адай руынан — батыр Табынайдың үлкен ұлы Сүйіндіктің қызы. Бопай — Кенесары көтерілісіне қатысуды халық арасында жалықпай-талмай үндеумен жүрген, кейін өзінің 6 ұлымен бірге талай жорыққа қатысқан, 600 адамдық жасаққа қолбасшы болған әйгілі ержүрек анамыз. Бопай күйеуі Әбілқайырдың түпкі мақсаты Жайық казактарының, орыс бодандығындағы башқұрттар мен Еділ қалмақтарының шапқыншылықтарын тоқтату, жоңғарларды түпкілікті талқандау екендігін және бұл күрделі мәселелерді уақытша болса да, Ресей империясына бодан болу арқылы шешуге тырысқандығын терең ұғынған. Сондықтан да Әбілқайырдың осы бағыттағы саяси қадамдарына қолдау көрсеткен. Ол ханымның 1731 жылы 22 қарашада орыс патшайымы Анна Ионаваға, 1748 жылы 5 қазанда Елизавета Петровнаға, әр уақытта Орынбор әкімшілігінің басшыларына жазған хаттарынан айқын көрінеді.
Айбике Ару
Бұланбай батырдың жары. Абылай ханның жау тылындағы барлаушыларының басшысы болған. Өзінің қол астына бірнеше тыңшы, барлаушы ұстаған және ұзақ жылдар бойы жаугершілікте «қолға түскен күң» түріндегі бейнеге еніп, Қалмақ Қоңтайшысының ордасында күтуші болған. Тарбағатай мен Алтай бойындағы, Ертіс пен Емілегі жаудың күші мен қару-жарағы, олардың орналдасқан жері мен шапқыншылық ниеті туралы Абылай ханға, Қабанбай мен Бөгенбай батырларға және басқа да қолбасшыларға астыртын құпия хабарлар мен құнды ақпараттар жеткізіп тұрған.
Айбике алғыр ойлы ержүрек қыз болған. Қалмақ тілін өте жетік білген. Және Тарбағатай мен Алтай тауларының өңірінде, Зайсан мен Марқакөл алабында күндіз де, түнде де тұманды, боранды күндері адаспай-ақ жол тауып, көзге көп түспей жалғыз жүре беретін болған «жер шолғыштығымен» де аты шыққан. Кейін Жоңғар мемлекеті құлағаннан кейін 1757-58 жылдары атамекеніне оралған.
Гаухар батыр
Малайсарының қаны бір қарындасы. 1724 жылы қазақтардың сол кездегі астанасы Түркістан қаласын жоңғарлардың қалың қолы тұтқиылдан шабуылға алады. Осы шайқаста Кіші жүздің ханы Әбілхайыр отыз мың әскер, Орта жүзден Сәмеке жиырма мың әскер дайындап, Қабанбайдың бас сардарлығымен жоңғарларға қарсы шабуылға шықпақ болып жатады. Гаухар жоңғарлардың қоршауын ерлікпен бұзып шығып, Қабанбайдың қасына барып, оларды жау жағдайы жөнінде толық мәліметтермен қамдайды. 1725 ж. әйгілі «Бұланты» жеңісі осының нәтижесі еді. Кейін Гаухар Қабанбайға өмірлік жолдас болып, ұзақ жылдық соғыстарда бірге жүріп ұрыс жасайды. Уақыт өте келе ел аузында жыр дастанға айналған әйгілі «Гаухар батыр» атанады. Қабанбай мен Гаухар, яғни қос батырдың қосылуына сол майдан даласы себепкер болады. Гаухар батырдың азан шақырып қойған аты – Майсара болса керек.
Назым
Қабанбай батыр мен Гауһар батырдан туған қаһарман қыз. Әкесімен бірге 18 ғасырда қазақ-жоңғар соғысына қатынасып, отанын қорғаған. Назым қыздың есімі және оның ерлігі жұртқа аңыз болып тараған.
Абылай хан тұсында Жаңақорғанды алу үшін сойыл шоқпарсыз жау зеңбірегіне жүрексінбей шапқан ерлігімен ел есінде қалған. Жоңғар тағының мұрагері Цевен Доржы тұрған төбеге қарай басында үкілі кәмшат бөркі бар, ақ боз атты бір қыз бала «Қабанбай! Қабанбай!» деп ұран тастап, суырылып шығады. Қыздың қолында не найза, не сойылы жоқ, бар болғаны қамшы ғана. Мұны көрген қалың қол шыдай алмай лап қойып, «Абылай! Ақ жол! Қабанбай! Абылай!» деп айқайлап, зеңбірекшілердің түйесін таптап өтеді.
Бүлдіршіндей қыздың осыншама ерлігіне дән риза болған Абылай беліндегі сом алтыннан соғылған белбеуін шешіп, қызға сыйлапты. Абылайдың жоңғарларды толық талқандауына жол салған жеңісі сол Назымның атымен байланысты болған.
Ақбикеш
Кіші жүз құрамындағы Байұлы тайпасының Алшын руынан шыққан көріпкел, ержүрек, батыр қыз. Есімхан жасақтарының Бұхара, Қашғар уәлаяттарына, Құба қалмақ жорықтарына көп көмектескен. Ақбикеш еліне оралған соң, Қаратау өңірінен биік мұнара тұрғызып, жауын осы қарауыл мұнарадан қарап тұрған. Мұнара «Ақсүмбе» деген атпен тарихшы Шараф әд-Дин әл-Жүздінің Зұфар-нәмесінде (Жеңіс кітабы) айтылады. Әмір Темірдің 1389-1390 жылдардағы Тоқтамысқа қарсы жорықтарын сипаттағанда Дешті Қыпшақ даласын бақылап отыру үшін Қаратау шыңына салынған қарауыл мұнарасы ретінде айтылады. Ақбикеш батыр қыз сыртқы елдің басқыншылары қанды жорық жасап, елді шапқанда, елдің ер-азаматтарымен қатар бостандық соғысына қатынасып, ерлік көрсетуімен жау қолында мерт болады.
Сапура батыр «Көктемір»
Сапура 22 жаста болғанда бiрiншi күйеуiн қашқын қалмақтар өлтiрiп кетiп, әмеңгерлiкпен қайнысы Жанболатқа қосылады. Ол Досалы сұлтанның ауылымен қоңсы Қобда бойында екi мың кiсiмен көшiп-қонып жүредi.
Ресейдегi Е.Пугачев бастаған шаруалар көтерiлiсiне татарлардың, башқұрттардың, қазақтардың қатысқаны да мәлiм. Патшаға қарсы шыққан қазақтардың қолын осы Сапура апамыз басқарды. Сапура апамызды көтерiлiсшiлер “Көктемiр” деп атайды. Ал орыс әскерлерi оның әйел екенi туралы ғана емес, тiптi кiм екенiн бiлмейдi. Тек “Көктемiр” деген атын ғана бiлетiн болған. Сол тұста “Көрiнбейтiн Көктемiр батыр” туралы алып-қашпа әңгiмелер тараған.
Кейiн көтерiлiсшiлерден әбден ығыр болып, оған қарсы мәлiметтер жинау үшiн Орынбор губернаторы Рейнсдорп екi татарды, атап айтқанда жасауыл Ғұбайдулла Адгамов пен Рақымқұл Ибраевты қазақтардың iшiне жансыз етiп жұмсайды.
Орыс дереккөздерiнде Пугачев көтерiлiсi кезiнде қазақ даласындағы “ұстатпайтын ұстын”, “көзге көрiнбейтiн жан” деп аталған Сапура Мәтенқызы да жұмбақ жағдайда өмiрден өтедi.
Көктемiр Сапура қыз туралы ғалым Н.Бекмаханова “Көрiнбейтiн адам туралы аңыз” атты зерттеу еңбегiн жазған. Көктемiр (Сапура) батыр туралы Әбiш Кекiлбаев, Аян Нысаналин және өзге де жазушылардың мақалалары жарық көрген.
Хиуаз Доспанова «түнгі жалмауыз»
1922 жылдың мамыр айының 15-інде Атырау облысында дүниеге келген Хиуаз — Ұлы Отан соғысында әскери ұшақпен аспан төрінде майдан салған ерлігімен танылған, ал соғыстан кейінгі бейбіт өмірде қайраткерлігімен дараланған қазақтың қаһарман қызы.
1941 жылдың қыркүйек айы. Мәскеудің оқу орындарында жаңа оқу жылының басталып жатқан кезі. Ал жастардың көпшілігі Отанды жаудан қорғау үшін майданға аттанып жатқан шақ. Бұл кезде Хиуаз да майданға медбике, тегі болмаса, санитар болып кетсем бе деп, талпынып жүрген. Сөйтіп жүргенінде ол әйгілі Марина Раскованың қыз-келіншектерден авиаполк құрып жатқандығын естиді. Бұл Хиуаз сияқты нағыз өршіл жас үшін өзінің кім екендігін көрсетіп қалатын жақсы мүмкіндік еді. Бұны Хиуаздың өзі де жақсы түсінеді. Көктен сұрағаны жерден табылған қайсар қыз ойланбастан, бірден аталған полк басшысына келеді. Қазақ қызына полк басшылығы алғашында сенімсіздікпен қараса да жауынгерлер құрамына қабылдайды. Сөйтіп, жауынгер қыз Саратов қаласының әскери әуе училищесіне жіберіледі. Мұнда штурмандар даярлайтын арнайы курсты аяқтаған жас қыз 1942 жылдың көктемінде сол кездегі авиация тарихында тұңғыш рет құрылған, түнгі мезгілде жау шептерін бомбалайтын әйелдер авиаполкінің құрамында майданға аттанады. Батыр апамыздың ерлік еңбектері туралы қалдырылған жазба деректер бойынша Хиуаз қызмет еткен полк Оңтүстік майданда, яғни Солтүстік Кавказ, Кубань, Қырым, Украина, Белоруссия, Польша, Германия аспанындағы шайқастарға қатысқан. Ол кездегі авиациядағы штурманның атқаратын рөлі ерекше маңызды еді. Өйткені ол ұшақты алдын ала анықталған жау құрамаларының дәл төбесіне әкеліп бомбалайтын. Сондай-ақ олар ұшаққа жау тарапынан шабуыл жасалғанда әуе шайқасын да жүргізеді. Ал экипаж командирі алда-жалда мерт болса немесе жаралана қалса, штурман өзі отырған жерінен ұшақты да басқарып, әуедегі шайқасты да жалғастыра береді. Әуеде қарша бораған оқтың арасында жүріп осындай бірнеше міндетті бір адамның атқаруы екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Ал Хиуаз осы міндетті абыроймен, тіпті асқан шеберлікпен атқара білді. Ол 300-ден астам маңызды тапсырмаларға жіберіліп, барлығында да ерлік көрсеткен. Кейіннен Кеңес одағының батыры атағын алған Марина Чечневаның Хиуаздың шеберлігі туралы: «Хиуаз Доспанова ұшағын нысанаға ылғи да дәл апаратын және өз аэродромына да сондай дәлдікпен қайта оралатын»,- деп жазғандығы бекер болмаса керек. Осы ерлігі үшін оның «Түнгі жалмауыз» деген лақап аты қалыптасады.
Соғыстағы ерліктері үшін батыр қыз «Қызыл Жұлдыз», «II дәрежелі Отан соғысы» ордендері мен «Кавказды азат еткені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдарын иеленіп, әскери атағы аға лейтенант шеніне дейін өседі.
Ел басына күн туған шақта сұрапыл соғысқа араласып, бейбіт заманда еліне талмай еңбек еткен «Халық Қаһарманы» Хиуаз Доспанова 2008 жылдың мамыр айының 20-сы күні өмірден өтті.
Әлия Молдағұлова
1925 жылы 25 қазанда Ақтөбе облысы, Қобда ауданының Бұлақ ауылында Сарқұлов Нұрмұхаммед және Молдағұлова Маржанның отбасында дүниеге келген. Бала кезінде анасынан айырылып , кейіннен Алматыда ағасының қолында тұрған, ал 1935 ж. бастап Ленинград, Красногвардейский ауданы, Гурдин көшесіндегі №46-шы балалар үйінде тәрбиеленген. Санкт-Петербургтегі 9-орта мектебінде оқыды. Оқудағы озаттығы және үлгілі тәртібі үшін Әлия Қырымдағы Бүкілодақтық пионерлер лагері – Артекке жіберіледі. Артекте батырлар тақтасына Рубен Ибарурри, Тимур Фрунзе сияқты батырлармен қатар Әлия Молдағұлованың да суреті енгізілген. Соғыс басталған соң балалар үйімен бірге Ярославль облысының Вятское селосына эвакуацияланған. Вятское орта мектебінен 7-сыныпты бітірісімен Рыбинск авиациялық техникумына түседі, бірақ көп ұзамай (1942) ЖШҚӘ-ға (Жұмысшы-Шаруа Қызыл Әскері) майданға жіберу туралы өтініш жібереді.
1943 ж. Снайперлер дайындау орталық әйелдер мектебін аяқтайды. 1943 ж. бастап 54-ші арнайы атқыштар бригадасы 4-батальонының снайпері болған (22-ші әскер, 2-ші Балтық жағалауы фронты). Жау әскерінің 30-дан аса сарбаздары мен офицерлерінің көзін жойған. 1944 ж. 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданында қаза тапты.
Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұловаға 1944 ж. 4 маусымда Кеңес Одағы Батыры атағы берілді. Ленин орденімен марапатталды.
Мәншүк Маметова
Қазақ қыздарының арасынан тұңғыш рет Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған Мәншүк Жиенғалиқызы Мәметова (шын есімі — Мәнсия) — 1922 жылы Орал облысы Орда ауданында туып, 1943 жылы қазанның 16-ы күні майданда қаза тапты. Қаһарман қазақ қызы — Кеңес Одағының Батыры (1944). Анасы еркелетіп Моншағым дей бергеннен Мәнсияның тілі келмей өзін Мәншүк деп кеткен. Ата-анасынан ерте айырылған Мәншүк балалық, жастық шағын Алматыда Ә.Мәметованың тәрбиесінде өткізеді. Ұлы Отан соғысы басталған кезде Алматы медициналық институтында оқып жүрген. 1942 жылы тамызда ол өз еркімен Қызыл Армия қатарына алынып, 21-інші атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысты. Аға сержант, пулеметші Мәншүк ұрыстарда өзінің мергендігімен және тобында батылдығымен көзге түсті. Невель қаласы үшін болған кескілескен шешуші ұрыста Мәншүк ақтық демі біткенше пулеметтен оқ боратып, қаһармандықпен қаза тапты. Павлодар облысының колхозшылары Батыр қыздың құрметіне Мәншүк атындағы танк колоннасын құруға қаражат жинады. Туған жерінде оған ескерткіш орнатылған, Невель, Алматы, Орал, т.б. қалаларда Мәншүк атында көшелер бар. Республиканың ондаған мектептері, Қызылорда қыздар педагогикалық училищесі Мәншүк есімімен аталады. Қаһарман қыздың өмірі мен өшпес ерлігі жайлы «Мәншүк туралы жыр» (авторы — А. Михалков-Кончаловский, режиссері М.Бегалин) көркем фильм түсірілді.
Назым Қызайбай
Бейбіт күнде аналардың жолын жалғап ерлігімен елге танылып келе жатқан қазақ қыздары аз емес. Солардың бірегейі ретінде Назым Қызайбайды атасақ болады. Назым Қызайбай – Қазақстан тарихында тұңғыш рет, әйелдер арасында өткен бокстан әлем чемпионатында еліміздің байрағын желбіретіп, әнұранын әуелеткен, халқына алтын медаль тарту еткен алғашқы нәзік жанды. Әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионаты 2001 жылдан бастап өткізіліп келе жатқанымен, елімізге алғашқы алтын 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласында өткен дүбірлі додада Назым Қызайбайдың кәсіпқойлығымен келді. Оған дейін ел намысын жанын сала қорғаған Назгүл Боранбаева 2006 жылы Нью-Делиде өткен әйелдер арасындағы бокстан әлем чемпионатында қола медальді иеленсе, 2008 жылы дәл осы жарыста Елена Кольцова жерлесінің жеңісін қайталады.
Біз ерлігін естіп білмеген, қамти алмаған қазақтың батыр қыздары қаншама. Желтоқсанда қар кешіп, азаттық үшін күрескен Ләззат Асанова, Сабира МУхамеджанова ерліктері өз алдына бір дастан. Алаш арулары әлем тарихына өшпес ізін әліде болса қалдыра береді. Европа таңдана қарап, бірнеше жыр-дастандар жазған Томирис, Зарина сынды ұлы тұлғалар қазақтың өр қыздарының образы. «Алып анадан туады». Олай болса қазақтан шыққан кез-келген белгілі азамат осындай қазақ аруларына, аналарына қарыздар.