Басты бетАғайынды Ғаббасовтар...

Ағайынды Ғаббасовтар Нью-Йоркте қазақ ресторанын ашты

Фарида мен Жәнібек АҚШ-та оқып жүрген кезде қазақтың ұлттық тағамдарын ұсынатын ресторан ашуды жоспарлаған, деп жазады «Хабар 24» арнасы.

«Америкада барлық ұлт өз асханасын ашқысы келеді. Мысалы, Бруклинде өзбек рестораны бар. Бірақ бірде-бір штатта қазақ асханасы болған жоқ. Біз сол олқылықты түзеттік»,-дейді Фарида Ғаббасова.

Ресторанның іші де қазақы орнаменттерімен безендірілген. Қазақша әуендер қосылып, Берік Күлмамыровтың картиналары ілінген.

«Біздің ресторанның мәзірін әзірлеуге Нью-Йорктегі танымал аспаз көмектесті. Себебі қазақтың тағамдары ұлттық сипатын жоғалтпай америкалықтардың да талғамына келетін болуы керек. Көбінесе табиғи көкөністерді қолданамыз. Сосикалар да арнайы рецептімен жасалады. Біз салауатты тамақтануды қолдаймыз»,- дейді Жәнібек.

Ағайындылар қазақтың ұлттық тағамдарын насихаттау үшін Catering ашқан. Ол – ірі компанияларға арналған қоғамдық тамақтану орны.  Сонымен бірге бешбармақ, қуырдақ, палау да ұсынылады.

«Америкалық компаниялар бізден палаудың қандай тағам екенін сұрады. Түсіндіріп, суреттерін көрсеттік. Қызығып, тапсырыс берді. Оларға қатты ұнаған екен. Тіпті жағымды пікірлерін жазып, бес жұлдызды баға беріпті. Қазір жиі тапсырыс беріп тұрады», -дейді Жәнібек.

Қарағандылықтардың рестораны «Siblings» деп аталады. Ол «туған ағайындылар» деп аударылады.

«Бұл — Америкада өте жақсы қабылданатын атау. Бұл жақта Қазақстан туралы көбірек білсе екен дейміз»,-дейді Фарида.