«Қазіргі уақытта бокстан Ұлттық құраманың Олимпиадаға 4 жолдамасы бар. Оларды иеленгендер – 49 келі салмақ дәрежесіндегі Әлем чемпионы Біржан Жақыпов, 60 келі салмақтағы Әлем чемпионатының қола жүлдегері Берік Әбдірахманов, 69 келі салмақ дәрежесіндегі Әлем чемпионы Данияр Елеусінов және 91 келі салмақтағы Азияның екі дүркін жеңімпазы Василий Левит. Биыл қаңтар айында біз оқу-жаттығу жиынын бастап кеттік. Қазір Германия командасымен біріккен жаттығу өтіп жатыр», — дейді Айтжанов.
Бапкердің айтуынша, алдағы уақытта әлі 3 лицензиялық турнир бар. Біріншісі 23 наурыз бен 3 сәуір аралығында Қытайда өтеді, оған лицензия алмаған алты боксшымыз барады.«Бізде бәсекелістік өте мықты. Әр салмақта 3-4 жігіттен бар. Ұлттық құрама бапкерлері солардың ішінен лицензия алмаған салмақтарға екі жігіттен таңдап алды. Биылғы жылы лицензияларды толтыру үшін Қытай, Болгария және Әзірбайжанда өтетін жарыстарға қатысамыз», — дейді Мырзағали Айтжанов. Сондай-ақ, бас бапкер боксшылар Қазақстан үшін табысты болған 2000 жылғы XXVII Сидней Олимпиадасындағы көрсеткішті қайталауға тырасатынын айтты.