Бұл туралы ғалымдардың зерттеу нәтижесі Ria.ru сайтында жарияланды.
«Күйзеліске қарсы жаттығулардың пайдасы барын бұрыннан білгенмен, ғылыми түрде алғаш рет дәлелденіп отыр», — дейді Сиднейдегі Жаңа Оңтүстік Уэльс университетінің қызметкері Сэмьюэл Харви.
Ұзақ уақыт күйзелісте жүрген адамдардың өз-өзіне көңілі толмайды, жалқаулығы ұстайды. Күйзеліспен күресу үшін ғалымдар жүздеген дәрі жасап шығарды. Олардың жанама әсері де жоқ емес. Зат алмасудың бұзылуы, семіздік, дәрі ішуге әдеттеніп алу және тағысын тағылар адам денсаулығына зиянын тигізеді.
Депрессия адамның өмір сүру ұзақтығын қысқартады. Мәселен, төрт жыл бұрын нидерланд биологтары депрессиядан теломерлердің ұзындығы едәуір қысқарғанын байқаған. Нәтижесінде жасушалар жылдам қартая бастаған.
Сэмьюэл Харви мен оның әріптестері Норвегия тұрғындарының денсаулығын бақылау нәтижелерін саралап, күйзелістен арылудың қауіпсіз әрі қарапайым жолын тапты. Жоба 1980-1990 жылдар аралығында Норвегиядағы бір губернияда жүзеге асқан. Жобаға шамамен 30 мың адам қатысып, ғалымдар 24 сағат бойы олардың денсаулығын ғана емес, көңіл-күйін де бақылап отырған.
Осылайша, жаттығу жасамайтын адамдардың 44 пайызы күйзеліске жиі ұшырайтыны анықталды.
«Әзірге мұның немен байланысты екені түсініксіз. Бірақ, біздің ойымызша, жаттығудың биологиялық қана емес, әлеуметтік пайдасы да бар. Сондықтан күйзелісте жүргендердің бір мезгіл жаттығу жасағаны абзал», — дейді Харви.