Станционный поселкесiнiң тұрғындары жақында ұзақ жыл күткен қуанышқа кенелмек. Өйткенi, көпқабатты үйлердiң бiрiнiң ауласында салынған спорт корты мен балалардың ойын алаңы құрылысы аяқталып, пайдалануға берiлмекшi.
Мердiгерлер қазiр әткеншектер мен турниктердi орнатуға кiрiстi. Аттракциондарды құрастыру және оны монтаждау жұмыстарына көңiл аударған шаһар басшысы қауiпсiздiк шараларын қатаң сақтауды тапсырды.
Келешекте поселкенiң орталығындағы сквер жанынан футбол алаңы жасалмақ. Осы мәселенi талқылау барысында Ермек Боранбайұлы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлiмiнiң мамандарына алаң аймағын тұтастай абаттандыруды да ойластыру жөнiнде ой тастады. Өйткенi, жұртшылықтың жұмыстан кейiн, әсiресе, демалыс күндерi тынығып, дем алатын орындары қай елдi мекенде болмасын ауадай қажет.
Мәселен, Красный Яр селосындағы күрделi жөндеуден өткен алаңда қазiр селолық округ көлемiндегi барлық мәдени-көпшiлiк шараларын өткiзу дәстүрге айналған. Ендеше, Станционный кентiнiң тұрғындары да таяу арада осындай қуанышқа бөленбек. Ол үшiн алаң төрiндегi сахнаны қайта жабдықтап, асфальт жамылғылар жасау керек. Көгалдандыру жұмыстарын қоса атқарып, орындықтар қойылатын болады. Бұл жұмысты тым кешеуiлдетпей биыл бастауды қарастырған жөн.
Станционный поселкесiнде Юбилейная көшесiнен №7 орта мектепке дейiнгi жол бойындағы жөндеу жұмыстары аяқталып, көпшiлiктiң көңiлiнен шықты. Келешекте аталған елдi мекендегi басқа жол учаскелерiнде де жөндеу жұмыстарын жүргiзу ойластырылуда. Сапар соңында қала әкiмi жергiлiктi бу қазандығында болды. «Көкшетау Жылу» мемлекеттiк коммуналдық кәсiпорнының мамандары қазандықтың алдағы жылу маусымына толық дайын екендiгiн мәлiмдедi.
«Бiрлiк» мөлтек ауданындағы Жазира көшесiнiң бойындағы тротуарды жөндеу жұмыстары әлi де жалғасуда. Оған «Көкше-Жәрдем» кәсiпорнының жұмысшылары мен арнайы техникасы жұмылдырылған. Елдi мекеннiң болашағын ескере отырып, көшелердi жарықтандыру және абаттандыру жұмыстарын пәрмендi түрде жүргiзу қажеттiгi туындап отыр.
Жалпы алғанда, облыс орталығында 200-дей аулада жаңғырту жұмыстарын жүргiзу жоспарланыпты. Оны толық көлемде атқарып шығу үшiн екi жылдай уақыт керек. Дәлiрек айтсақ, «Юбилейный» мөлтек ауданындағы кең ауқымды жаңғырту жұмыстары мәреге жетiп қалды. Гастелло көшесiнен басталған бұл жұмыс «Қарлығаш» балабақшасы, «Бакалея» дүкенiнiң маңын толығымен қамтып отыр. Мұнда жаңадан бордюрлер орнатылып, жол бойына қиыршық тас төселуде.
«Центральный» мөлтек ауданы 57 мекенжайы бойынша жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Мұнда автокөлiк тоқтайтын орындар, мүгедектерге жүруге ыңғайлы жолдар жасалған. Ойын және спорт алаңдарына жақында қажеттi құрал-жабдықтар орнатылмақ. Тұрғындармен бiрлесiп, тез арада ағаш және гүл отырғызу мәселесiн қолға алған жөн.
Сапар соңында шаһар басшысы Ермек Маржықпаев С.Жүнiсов көшесiнiң бойымен Горький көшесiнен Ғабдуллин көшесiне дейiнгi аралықта, Сәтбаев көшесiнiң бойында жүргiзiлiп жатқан жөндеу жұмыстарының барысына да назар аударды. Қала басшысының осы сапарын асыға күткендей кейбiр тұрғындар әлеуметтiк желiлер арқылы өздерiнiң алғыстарын да бiлдiрiп жатты.
