Әкім Ержан Маржықпаев Көкшетаудың құрылыс нысандарымен танысты

Құрылыс және жөндеу жұмыстарының барысымен танысқан шаһар басшысы оған жауапты мекемелердiң жетекшiлерiне нақты мiндеттер жүктедi.

Қала әкiмi неке қию сарайын мерзiмiнде тапсыруды талап етiп, «Сарыарқа» мөлтек ауданында құрылысы жүрiп жатқан көпқабатты тұрғын үй мен 280 орындық балабақшаға барғанда, жұмысшылардың қауiпсiздiгi бас-ты назарда болуы тиiс дедi. Еске сала кетсек, жақында Көкшетауда екi құрылысшының басына кiрпiш құлап, ауыр жарақатпен төсекке таңылған едi. Мұндай олқылық алдағы уақытта орын алмауы тиiс, ал кiнәлiлер заң бойынша жазаланады дедi шаһар басшысы. Мұнда да сапаға баса мән берiлуi керек.

«Сарыарқа» мөлтек ауданында 38,6 гектар жердегi аумақта су құбырлары салынып жатыр. Қаһарлы қыстың келетiн уақыты да таяп қалды. Күздiң қара суықтары мен жауын-шашынды күндерi жұмыс iстеуге кедергi келтiретiнi аян. Дегенмен әр ашық күндi тиiмдi пайдаланған жөн. Бiрнеше нысанды аралап шыққан шаһар басшысы өндiрiстегi техника қауiпсiздiгi басты назарда болуы тиiстiгiн тағы да қайталап айтты. Барлық шаруалар өз мерзiмiнде аяқталуы тиiстiгiн ескерттi.