Көкшетау қаласының әкімі тұрғындармен кездесті

Қала әкiмi Ермек Маржықпаев алдымен №14 автобус жүретiн тау шатқалы тұрғындарының шағымына байланысты сол аумаққа барды. Жергiлiктi тұрғындардың айтуынша, автобус жүргiзушiлерiнiң басым бөлiгi Краснояр бағытына қарай өтiп кетедi. Ал, тау шатқалында тұратындар жаяулап-жалпылап Әуезов көшесiндегi аялдамаға барады. Бұл жағдай саяжайлардың жұмысы басталғаннан орын алған. Қала әкiмi бұл мәселе назарға алынып, автобус қатынасын реттеу қажет деп тиiстi мекеме басшыларына тапсырма бердi.

Сондай-ақ, бұл маңды қыста қалың қар басады. Осы жағдайға қатысты да өз өтiнiштерiн бiлдiрген жергiлiктi тұрғындар көшенi жарықтандырып, жолдың жөнделгенiне алғыстарын айтты. Ағын суларға арналған науалар жоқ. Сондықтан жаңбыр суы асфальттың үстiне жиналып, оны бүлдiрiп жатыр. Шаһар басшысы тұрғындардың өтiнiш-тiлектерi назарда болатынын айтты.

Көкшетау қаласын жоғарыдан шолуға арналған Бұқпа тауындағы алаңда қазiр жөндеу жұмыстары жүргiзiлiп жатыр. Жалпы аумағы 130 шаршы метр. Қазiр мұнда қырланған кеспе тастар төселуде. Ермек Боранбайұлы мердiгерлерге алаңды қоршап, отырғыштар қоюды тапсырды. Дәл сол жердегi тағы бiр төбешiктегi алаңды келесi жылы жөндеп, абаттандыру көзделген. Ол жерге Әуелбеков көшесiнен жоғарыға бiрден көтерiлуге болатындай баспалдақ та жасалатын болады.

«Бiрлiк» мөлтек ауданында қала әкiмi асфальт пен тақталар төселген тротуардың жайын көзiмен көрiп, жасалған жұмыстардың сапасына мән бердi. Бұрын сазданып жататын 1000 шақырымдық аумаққа қос қабат асфальт төселген. Бұл мақсатқа 37 миллион теңгедей қаржы жұмсалған. №22 тоғыз жылдық мектептiң жанында көлiк тұрағы қарастырылған. Шаһар басшысы бiлiм ошағының спортзалына және мектеп сыртындағы спорт алаңына барды. Жасанды шөп төселген алаң тек оқушыларға ғана емес, жергiлiктi тұрғындар үшiн жасалғанын айтты. Сондықтан денесiн шынықтырып, доп қуамын дегендерге еш кедергi болмау керек. Аталған мөлтек ауданда үй салуға қажеттi учаскелер бөлiнуде. Алдағы уақытта бұл аумаққа қоныс аударушылар қатары көбейедi.

Қалалық бiлiм бөлiмiнiң басшысы Бейбiт Жүсiпов №22 тоғыз жылдық мектепке келесi жылы орта мектеп статусын беруге болатынын айтты. Қазiр 287 оқушы бiр ауысымда оқиды. Ал, егер орта мектеп статусы берiлiп, бала саны өссе, екi ауысымға көшедi. Сүлейменов көшесiндегi жақында ашылған воркаут алаңына спорттың осы түрiмен айналысушыларды көптеп тартуды тапсырды.

Ермек Боранбайұлы бұл күнi сонымен қатар «Көкше» акционерлiк қоғамы мен «Вольт-Көкше» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгiнiң жұмысымен танысты. Аумағы атшаптырым ғимаратта орналасқан қос кәсiпорын қазiр бiрлесiп, электртехникалық құрылғылар, жабдықтар, шағын станциялар, трансформаторлар құрастырып, жылу-электр станцияларына қажеттi жылытқыштар жасаумен айналысады.

«Көкше-Вольт» серiктестiгi басшыларының айтуынша, қазiр швейцариялық әдiспен түрлi электр құрылғыларын шығарады. Қазiр мұнда 39 адам жұмыс iстейдi. Тағы 10 адам алу жоспарда бар. Мамандардың бәрi — жергiлiктi жастар. Кәсiптiк-техникалық колледждермен келiсiм жасалып, түлектерiн осында шақырып, өздерi үйретiп, тәжiрибе жинақтатады. Аталған серiктестiк Алматы қаласында тiркелген. Қала әкiмi кәсiпорын Көкшетауда орналасқаннан кейiн осы жерге тiркелiп, бiрлесе жұмыс iстеу қажеттiгiн айтты.

Мамыр айында iске қосылған өндiрiс орны 800 миллион теңгенiң өнiмiн шығарған. Кәсiпорын басшыларымен әңгiмелескен Ермек Боранбайұлы жергiлiктi билiк инвесторлармен қоян-қолтық жұмыс iстейтiнiн айтты. Өйткенi, бiрлескен iс түпкiлiктi нәтиже бергенде қала бюджетiне кiрiс көп түсерi сөзсiз.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да