Көкшетауда №5 «Таңдау» мектеп-гимназиясы 19 миллион теңгенiң гран-приiн жеңiп алды

Өткен оқу жылында облыстың оқушылары 72 медаль жеңiп алды. Оның 60-ы республикалық, 12-сi халықаралық конкурстардың нәтижесi. Әсiресе, Көкшетау қаласындағы №1, №2 мектептер мен №3 дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты биiктен көрiндi.

Үш ауысыммен оқыту мәселесi шешiмiн тауып келедi. Соған орай Көкшетау қаласындағы №18, №1 орта мектептердiң жанынан қосалқы ғимараттар салынып жатыр.

Кәсiптiк бiлiм беру iсiне ерекше көңiл бөлiнуде. Қазiр Көкшетау қаласында — 3, Щучьеде — 1 жоғары колледж жұмыс iстейдi. Осы бiлiм ордаларының түлектерiн жұмыспен қамту iсiне ерекше көңiл бөлу қажеттiгi де айтылды.

Көкшетау қаласы бiлiм қызметкерлерiнiң тамыз кеңесi «Достар» мәдениет сарайында өттi. Жиналғандарға өткен оқу жылында атқарған жұмыстары жайлы бейнефильм көрсетiлiп, фойеде мектептер мен балабақшалардың жетiстiктерi жайлы көрме қойылды. Қала әкiмi Ермек Маржықпаев бұған дейiн жаңадан ашылған «Мейiрiм» балалардың дамуын жетiлдiру және қабiлетi ерекше балалардың «Көкшетау дарыны» орталықтарында болып, олардың жұмысымен танысты. Дамуын жетiлдiруде ерекше қажеттiлiкке ие балаларға «Мейiрiм» орталығының ашылуына тiкелей мұрындық болған қала әкiмi Ермек Боранбайұлы. Облыс орталығында алғаш ашылған бұл мекемеде 2-16 жасқа дейiнгi балаларға қызмет көрсетедi. Оқу-тәрбие жұмыстары тегiн. Түрлi кабинеттерде сабақ алып, жаттығу жасап қана қоймай, шығармашылық үйiрмелерге қатысуға мүмкiндiк бар. Ал, «Көкшетау дарыны» орталығында балалар қажеттi құралдар мен зертханалық жабдықтар арқылы пәндер бойынша қабiлеттерiн одан әрi жетiлдiре алады. Бiлiктi мамандардың алаңсыз қызмет iстеуiне жағдай жасалған.

Көкшетау қаласының бiлiм қызметкерлерiнiң тамыз кеңесi «Рухани жаңғыру 3.0 — бiлiмнiң үлесi» тақырыбымен өттi. Бұл жолғы кеңес жаңа форматымен ерекшелендi. Бұрынғыдай трибуна қойылмай, еркiн байланысты меңзеген отырыс түрiнде ұйымдастырылды. Қалалық бiлiм бөлiмiнiң жетекшiсi Бейбiт Жүсiпов өткен оқу жылы атқарылған iстердi саралады. 2016-2019 жылдарға арналған Мемлекеттiк бағдарламаға сәйкес, 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды жүз пайыз мектепке дейiнгi мекемемен қамту басты назарда. Отбасы мен баланы әлеуметтiк-педагогикалық қолдау мақсатында 32 балабақшада консультациялық орталықтар ашылған. Бөбекжайларда қазақ тiлiн оқытатын топтардың саны 10-ға ұлғайып, 193-ке жеттi. Жыл соңына дейiн барлық балабақшаларда көптiлдiлiк бiлiм беру элементтерi енгiзiледi. Осы ретте 7-шi халықаралық педагогикалық инновациялар жәрмеңкесiнде Көкшетау қаласындағы «Қуаныш» балабақшасының меңгерушiсi С.Бәйкенова «Алтын сертификатқа» ие болғаны атап өтiлдi. Сондай-ақ, күмiс, қола сертификаттар иелерi мен өз iсiнiң шеберлерiнiң жетiстiктерi ортаға салынды.

Барлығы 22325 бала өткен оқу жылын табысты аяқтады. Бiлiм сапасы 60,9 пайызды құрады. 134 бiрiншi сыныптың 3186 оқушысы оқу жылын 5 күндiк режимде тәмамдады. Бiршама қиындықтар болғанына қарамастан, бiлiм сапасы 80,3 пайызды құрап, үлгерiм 100 пайызға жеттi. Жаңарған бағдарламаға биыл 5-шi мен 7-шi сынып оқушылары көшетiн болады. Соған орай 361 мұғалiм бiлiмiн жетiлдiрдi. Қалада бүгiнгi таңда дамуында тежеуi бар 1 751 бала бар. Оның 875-i мектеп жасында. Балалар арнайы сыныптарда оқиды. Осындай инклюзивтi бiлiм берудiң нәтижесiнде өткен оқу жылының қорытындысы бойынша 31 оқушы жалпы сыныпқа көшiрiлдi. Тұрмысы төмен отбастарын ерте анықтау мақсатында бiлiм бөлiмi мемлекеттiк органдармен және мемлекеттiк емес ұйымдармен бiрлесiп «Менiң отбасым» жобасын қолға алды. Соның аясында 23 отбасына көмек көрсетiлiп, 13 адам жұмысқа орналасып, бiрнеше адамның құжаты реттелiп, орта кәсiптiк бiлiм алудың жолдары қарастырылды. Биыл 20 жетiм балаға баспана берiлмек. Ата-ананың қарауынсыз қалған балаларды жетiмдер үйiне емес, отбастарына тәрбиеге беру жұмыстары жалғасып жатыр. Қалада оқушылардың бос уақытын тиiмдi ұйымдастыру мақсатын көздейтiн 405 үйiрме және 143 спорт секциясы жұмыс iстейдi. Олардың жеке басын дамытатын «Жас ұлан» мен «Жас қыран» бiрлестiктерiне 5000-нан астам бала қабылданған. Биыл «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесiне 2000-нан астам көкшетаулық оқушы барып қайтты. Жаңа оқу жылында оқулықтармен қамту үшiн 214 855,6 мың теңге бөлiндi. Барлық бiлiм ошақтарына күрделi, ағымдық жөндеу жұмыстары жүргiзiлдi. Мектептер жаңа оқу жылына дайын.

Тамыз кеңесiнде «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгiсiне 1, Бiлiм және ғылым министрiнiң құрмет грамотасы мен алғыс хатына 2, облыс әкiмiнiң алғыс хатына 1, облыстық бiлiм басқармасының құрмет грамотасы мен алғыс хатына 9, қала әкiмiнiң құрмет грамотасы мен алғыс хатына 10 адам ие болды. Сондай-ақ, мектептердiң материалдық-техникалық базасын жақсартуға қаржылай сертификаттар мен бiрқатар мұғалiмдерге сыйақылар табыс етiлдi. Қала әкiмi Ермек Маржықпаев алдағы оқу жылында барша ұстаздар қауымына табыстар тiледi.