Көкшетау қаласының басшылығы аппарат мәжілісін өткізді

Онда қалалық экономика және бюджеттi жоспарлау бөлiмiнiң жетекшiсi Г.Шұқатова, қаржы бөлiмiнiң жетекшiсi Г.Құсайынова, «Көкшетау Жылу» мемлекеттiк коммуналдық кәсiпорнының басшысы С.Жуковтың хабарламалары тыңдалды.

Г.Шұқатова үстiмiздегi жылдың бүгiнгi күнiне қала кәсiпорындарының жоспарлы жұмыстарды атқаруы, қол жеткiзген көрсеткiштерiн өткен жылдың осы мерзiмiмен салыс-тыра отырып баян еттi. «Көкшетау нан зауыты», «Ақсай нан», «Молоко-Синегорья», «Агример-Астық», «Новопэк», «ЕНКИ», «Тыныс», тағы басқа iрi кәсiпорындар дiттiген мақсаттан шығып отыр, көрсеткiштерi жақсы. Осындай табысты ұжымдардың арқасында қаланың жалпы көрсеткiшi қанағаттанарлық деңгейден көрiнiп отыр. Дегенмен, «КамАЗ-Инжиниринг», «Көкшетау Жылу» сияқты жекелеген мекемелер межеден кем түстi. Егер олар өз жоспарлары үдесiнен шыққанда қала өнiм өндiрушiлерi бұдан да биiк белестен көрiнген болар едi. Бұл ұжымдардың көрсеткiштерiн кейiн тартқан себептер анықталған.

Кейбiр өндiрiстiк мәселелер қолбайлау болып тұр. Олар шешiлген соң, осы бағыттан таймаса қала тоғыз айды жақсы көрсеткiштермен қорытындылайды. Ал, ол — жылды ойдағыдай қорытындылауға негiз.

Жиынды қорытындылаған қала әкiмi Ермек Маржықпаев аулаларда салынып жатқан ойын және спорт алаңдарындағы жабдықтарды күтiп ұстауды, төселiп жатқан жолдардың сапасына баса назар аударуды, жолаушылар тасымалымен айналысатын автобустардың қолайлылығын жетiлдiре түсудi, жылу маусымына дайындықты одан әрi пысықтауды тапсырды. Орынсыз жерге күл-қоқыс төгу, көше тәртiбi қадағалану, тазалыққа мән беру қажеттiгi ескертiлдi.