Мерзімі: 1727 жылдың көктемі
Майдан алаңы: қазіргі Қарағанды облысындағы Бұланты мен Білеуті өзендерінің аралығы, Ұлытау тауларының маңы
Шайқасқан екі тарап: 30 000 адамнан тұратын қазақ әскері мен 40 000 жоңғар жасағы
Қолбасшылар: қазақ әскерінің қолбасшысы Әбілқайыр хан болса, жоңғарларды жасақ қолбасшылары бастап келді.
Қатысқан батырлар: Бөгенбай, Қабанбай, Саурық, Жәнібек, Малайсары, Шақшақ Жәнібек, Есет, Райымбек, Қарасай.
Қанша күнге созылды: 3-7 күн
Тарихи маңызы
Ол жеңіс «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» есін жиып, бойын тіктеп үлгермеген халыққа рух берді. Бұланты шайқасы қазақ жасақтарының өз күштеріне сенуіне, халық санасында бетбұрыс жасауға мүмкіндік берді. Мұны маңыздылығы жөнінен 1941 жылғы Мәскеу түбіндегі жеңіске теңестіретіндер бар. Ал, Елбасы Н.Назарбаев «Бұланты шайқасы – біз үшін орыстардың Полтава шайқасымен пара-пар», – дегені бар. Екіншіден, Бұланты шайқасы алдағы үлкен ұрыстардың, үлкен жеңістердің қозғаушысы болды. Содан кейін қазақ тарихында жоңғар басып алған қазақ жерлерін азат ету кезеңі басталды.
Өту барысы
Әбілқайыр бастаған қазақ қолы Білеуті өзенінің маңындағы жау бекінісіне 3 күнде жетті. Олар 250-300 шақырым жолды жүріп өткен болатын. Жоңғарлар мұны күтпеген еді. «Ақтабан шұбырынды» қасіретінен ес жия алмаған қазақ елі аз уақытта осындай үлкен жасақ дайындап шығаратынын білмеді. Алғашқы күнгі төтеннен жасалған ауыр соққыдан есеңгіреп қалған жоңғарларға қашудан басқа амал қалмады. Қашып бара жатқан жау әскері екіге бөлініп кетті. Негізгі бөлігі Жезді, Үшқағыл, Көкпекті, Қаракеңгір өзендерінің бойымен қашты. Қазақ жасағы осы қашқындарды Қара сиыр тауына тереңірек сұғындыра кіргізіп алып, кенеттен жалт бұрылып, оң қанаттан да, сол қанаттан да ойсырата соққы берді. Сосын ту сыртынан қуатты шабуылдың астына алды. Ал, Шұбартеңіз көлі жаққа қарай қашқан жоңғардың екінші бөлігіне сол маңда тойтарыс беріліп, аман қалғандары тұтқындалды. Нәтижесінде, қазақ жасақтары жеңіске жетті. Жоңғарлар қазақтың кіндік арнасы іспеттес Ұлытауға жеткізбей тоқтатылды. Сол жеңістен кейін майдан кіндігі болған төбе «Қалмаққырылған» атанды. Қанжығалы қарт Бөгенбайдың ұсынысымен соғыста қаза болған қазақ жауынгерлерінің денесі таудың басына жерленді. Қазақ сарбаздарының Бұлантыда жеңіске жетуіне себеп болған тағы бір фактор ретінде Жоңғарияның ішінде өзара тартысты атауға болады. Өйткені, Цеван Рабдан өліп, балалары хан тағына таласып жатты. Олар мемлекет мүддесін ұмытып кетті. Цин империясы келісімді бұзып, жоңғар еліне шапқыншылықты қайта бастады. Өз басымен қайғы болған жоңғарларға батыс шекарасын қытайлардан қорғауға тура келді. Екіншіден, Бұланты шайқасындағы жеңіске керемет стратегиялық әдіс пен тапқырлықтың арқасында қол жеткенін тарихшылар жоққа шығармайды.