Басты бетБастыӘскери-патриоттық тәрбие...

Әскери-патриоттық тәрбие қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік береді

АҚШ пен ауған үкіметтік әскерлерінде Усама бен Ладеннің көзін жоятын бірнеше мүмкіндік болған. Алайда ауған әскерлерінің ішіндегі жасырын экстремистер оның барлығын зая кетірді.

Себебі, көзін жоюды штабтық деңгейде жоспарлау барысында-ақ бен Ладеннің ауған үкіметі сапындағы жақтастары құпия мәліметті сыртқа тасып, нөмірі бірінші террористің орын ауыстырып үлгеруін қамтамасыз етіп отырды. Онымен қоймай, бен Ладеннің координатасы ретінде – бейбіт тұрғындар орналасқан мекендерге нұсқап, қаншама жан жазықсыз ажал құшты. Әрине, бұл өз кезегінде экстремистердің айуандығы деп емес, АҚШ бастаған коалициялық күштердің әлсіздігі деп бағаланды. Сондықтан экстремистердің қатары керісінше, күн санап өсе берді.

Бұл – экстремизмнің әскер қатарына жайылуынан болатын зардаптың айқын мысалы. Шынына келгенде, АҚШ бен Ладеннің көзін ақыры жойды. Бірақ қалай? Бұл жолы олар ауғандық, пәкістандық әріптестеріне ештеңе айтпады. Яғни АҚШ стратегтері — енді ауған және пәкістандық күштік құрылымдардың құрамында экстремистер бар екеніне мойынсұнды. Үрейлі ме? Иә, қорқынышты.

Ағымдағы ахуал

Соңғы жылдары Қазақстанымызда көрініс алған экстремистік оқиғалардағы «басты рөлдерде» біз әдетте азаматтық қоғам өкілдерін көріп жүрміз. Өкінішке қарай, әлеуметтік қайшылықтарға толы өмірден жерініп, өзін экстремистік идеялардан тапқан жастарымыз бірнеше қанды оқиғаларға себепкер болып үлгерді. Осы тұста экстремистердің де тапқырлық танытып отырғанын атап өту керек. Зайырлы мемлекетіміз — таңсық идея мен идеологияға бейім жасөспірімдеріміз бен бойжеткендерге мемлекетшілдікті — өте күрделі, бірі бірімен астасып жатқан қоғамдық механизмдерді сипаттау арқылы түсіндіруге мәжбүр болса, экстремистердің идеологиясы тым қарапайым. Айталық, Конституциялық құқық пен заң алдындағы таубітті теңдікті жасөспірімдер түгілі, орта мектептің жоғары сыныптарына түсіндіру оңай шаруа емес. Дәл сол уақытта экстремистік ұйымдар қарапайым әрі нақты ұрандарға сүйенеді, айталық, «кәпірлердің көзін жою керек!», «халифат орнату жолында шейіт болу – сауап» деген сияқты. Біздер мұндай ашық нотациямен өрнектелген ұрандар мен үндеулердің күшін жарнама мен пиар-технологиялардан көріп жүрміз. Еліміз өз кезегінде – суверенді құқықтық мемлекет идеясын тап осындай қарабайыр бір сөйлеммен түсіндіре алмайды және ол тіпті мүмкін емес. Бұған, жасөспірімнің әлеуметтік ортасында қандай да бір бастапқы діни мағлұмат беретінін қоссақ, жалпы ахуал түсінікті болатындай. Өкінішке қарай, ел ішінде, аулаларда, парктерде, балалар ойнайтын алаңдарда — мемлекет мүддесі туралы тап сондай мәліметтер берілмейді. Яғни экстремистік ұйымдар үшін «материал» дайын тұрады, ал мемлекет дәл соларды бастан-аяқ тәрбиелеп алуға мәжбүр.

Бұған қоса, экстремистік ұйымдар жасөспірімдерге өзін «бірден көрсетуді» ұсынады: жасына қарамастан, үлкендермен бірге иық тіресіп, «әділеттің ақ туын орнатуға» шақырады. Мемлекетіміз болса, жасөспірім үшін далбаса идея ұсына алмайды, ол мыңдаған заңдар мен ережелермен шектеулі; ал жасөспірімге ересек өмірге араласып, рухани-материалдық қажеттіктерді өз бетінше өтеуі үшін – көп жағдайда кәмелетке толуы керек. Сонда, басқаша айтсақ — мемлекетіміздің гуманистік принциптерін экстремистік ұйымдар өзіне қарсы пайдаланып отыр.

Сөйтіп, біз экстремистердің жасөспірімдерді баураудағы келесі көзірлерін бөліп аламыз:

  1. Күрес идеясының, максимасының айқындығы, тым қарапайымдығы;
  2. Ересек өмірге ерте араласу мүмкіндігі;
  3. Бауырластық мейірім тұнған ортамен қызықтыру, тіпті лексикологиялық негізде тартымды қарым-қатынастарды көрсету (бірін бірі «бауырым», «ұстазым», «шәкіртім», «ұлым» деу сияқты);
  4. Көп жерде – экстремистердің басты артықшылықтарының бірі ретінде ақша да айтылады. Бірақ бұл кейінгі кездері күмән тудырып отыр, себебі халықаралық изоляцияға түскен ұрыс ошақтарынан (ДАИШ, Сирия, Ливан, Ирактың кейбір аймақтары) қандай формада да ақша алып шығу мүмкіндігі өте мардымсыз. Дегенмен, өкінішке қарай – экстремистік идеямен уланғандар табыс тауып қайтуға емес, қазақша айтқанда — «біржола» кететін сияқты.

Ал бұған қарсы мемлекетіміз не қойып отыр? Айта кету керек, құқықтық мемлекет үгіт-насихат жөнінде әрқашан шектеулі болады. Мемлекеттің тозақпен қорқытып, жұмақтан орын уәде беруге хақысы жоқ. Ол нақты сандармен және соларға негізделген болжамдармен ғана жұмыс жасай алады. Ар-ождан, наным-сенім бостандығы мемлекет үшін басты құндылықтар, ендеше бұл алаңда мемлекет алдын ала есе жіберіп отырғаны анық.

«Военное обозрение» (Қазақстан, 2016 жылдың 2 ақпанындағы саны, 30 бет) журналында В.П. Трубников бұл орайда мемлекеттің амалсыздан баратын әдісі – жазалау жүйесі дейді. Дәл сол уақытта, ғалым келтірген экстремистік ұйым мүшесінің бейнесі – олардың діннен әлдеқайда алыс екенін көрсетеді. Айталық, қазақстандық террористік бір топтың серкесі — түрлі-түсті металдарды ұрлап сататын кәуділгі қылмыскер болып шыққан. «Ол күндіз мұсылманның ар-ожданы, тазалығы туралы уағыз айтып, ал кешке өзінің және жамағатының ақшасын – қымбат ішімдіктерге, автомобильдер мен жеңіл жүрісті қыздарға жұмсаған» деп жазады ол. Және келесідей өкінішті статистиканы келтіреді. ҰҚК Академиясының психологы Л. Шакимова келтірген мәліметтер бойынша, 2014-2015 жылдары Қазақстанда экстремистік және террористік әрекеттері үшін 82 адам сотталған. 2016 жылдың ақпанына қарай осындай адамдардың саны 500-ге жеткен. Енді олардың террористік және экстремистік ұйымдарға қалай келгенін қарасақ. Сараптама келесідей жәйтті көрсетіп отыр:

  • Сотталғандардың 16 пайызы – достары арқылы келген;
  • 21 пайызы – туысқандары арқылы келген;
  • мешіттер арқылы – 28 пайызы;
  • 39 пайызы – Интернет арқылы.

Экстремистердің «иман жолындағы баһадүр» кейпін келесі жәйттер аяғына дейін қиратады:

  • 27 пайызы – есірткілерге тәуелді;
  • 43 пайызы – құмар ойындарға тәуелді;
  • 62 пайызы – маскүнем.

Осы сотталған 500 адамның 48 пайызы – 35 жасқа дейінгі азаматтар болса, 19 пайызы – 25 жасқа толмағандар.

Ғалымдар осы контингенттің экстремистік және террористік ұйымдарға тез ілігуінің генезисіне де үңілген. Олар бұл ұйымдарда адамдарды психологиялық өңдеудің жолға қойылған жұмыс екенін атап көрсетеді. «Біз – сенің жаңа отбасыңбыз!» деген тезистің өзі – әдетте өзін индивидпін, ерекшемін, жұрттан басқаша ойлаймын деп сендіріп алып, ешкіммен жұғыса алмай жүрген жасөспірімдерге майдай жағады. Ал егер осындай баулу жұмыстары – психотроптық дәрілер мен күндіз-түні уағыз айтумен қатар жүрсе, біз экстремистік және террористік ұйымдардың өз қатарын толтырудың сенімді әрі тиімді де қарапайым жолын әлдеқашан тапқанын көреміз.

Жауынгерді жастан

Біз әңгімемізді әскери-патриоттық тәрбиені экстремистік идеяларға қарсы қоюдан бастаған едік. Себебі деструктивті ұйымдардың өкілдері әскери ұйымдарымызға тамыр жайса, «тұз шірісе не себеміздің» кебін кимекпіз. Оған мысал ретінде Ауғанстан сияқты, террористік ұйымға бүйрегі бұратындардың тіпті бас штаб деңгейіндегі аса маңызды жабық органға өтіп кеткен елді атап өттік.

Көп жерде әскери ұйымға экстремистік немесе террористік пиғылдағы адамдардың өтіп кетпеуіне әскер қатарына шақыру кезінде сұрыптау қолданылады. Дөрекі айтқанда, болашақ жауынгердің визуалды кейпі оның шақырылу-шақырылмауын шешеді. Әрі олар да наным-сенім бостандығын аса сауатты пайдаланып, әскер қатарына бармаудың амалын істейтіндерін мойындауымыз керек. Бірақ бұл әдіс тек – пиғылы айқын, мақсат-мүддесін өзі-ақ сайрап айтып тұрған кертартпаларды тұтып қалуға жарайды.

Бұған қоса, анкеталау, сауалнама алу мен психологиялық тест арқылы анықтау әрекеттері де бар. Өкінішке қарай, пиғылы алысқа баратын адамдар үшін бұл да әлдеқашан тосқауыл емес. Себебі, психологиялық диагностика әдістері әлдеқашан жариялы, мысалы, интернеттен оңай табуға болады. Оны алдап өтуге немесе тығырыққа тіреуге қазіргі уақытта өз бетінше дайындалса да жеткілікті.

Ғалымдар шешімді сол баяғы – тәрбиенің дәстүрлі үлгілерінен тауып отыр. Яғни, сиқырлы рецепт пен ғажайып әдістің жоғы мойындалып тұр. Жоғарыда атап өткеніміздей, мемлекет адамдардың жеке бас бостандығына араласуға шектеулі, сондықтан да – бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан; талай рет өзін ақтаған классикалық әдістерге қайта ораламыз. Айырмашылығы – бізде енді медиаресурстардың алуан түрі бар. Нақтырақ айтсақ, келесідей кешенді шаралар ұсынылады:

  1. Кәмелетке толмаған балалармен – олардың ата-анасымен бірлесе жұмыс істеу;
  2. Тәрбие жұмыстарына қоғамның барлық таптарын тарту;
  3. Жастардың тілінде сөйлейтін интернет-ресурстардың көбеюін және олардағы медиаконтенттің алуандығын қамтамасыз ету;
  4. Мектепте – үйірмелер, бос уақытта – спорттық секцияларға тарту;
  5. «Сенім телефондарын» ұйымдастырып, оның шынымен де – полиция немесе арнайы қызметкердің емес, сенім телефоны екеніне көз жеткізу. Үкіметтік Емес Ұйымдардың жұмысы көрсетіп отырғандай, жастар мұндай қызметті кәдімгідей белсенді пайдаланады.

Ғалымдар дәл сол уақытта – әскери-патриоттық тәрбиенің тек қана педагогтар мен құқық қорғаушылардың жұмысы емес екеніне баса назар аударады. Шынымен, бізде негативті құбылыстармен күресетін кез келген ұйым — ең алдымен күштік құрылымдармен бірге елестейді. Ар жағынан – түрме мен тергеушілердің образдары қылаң береді де, мемлекетке қатысы бар ұйымға жүгінуге жүрек дауаламайды. Бұл жерде жастардың сырласпақ түгілі, телефон шалғанын да күтуге болмайды. Сондықтан, бір шешім ретінде – үлгі боларлық өмірлік тәжірибесі бар, қолы бос зейнеткерлерді топтастыратын клубтар құру ұсынылады. Олар этнопедагогикалық элементтерді, әрі – жастарымыздың табиғатында бар үлкенге ізет түйсігін пайдалана отырып, тамаша сырлас болар еді деген болжам бар. Олар, әсіресе – қазіргі өлшеммен табысты әрі бақытты өмір сүріп жатыр деген зейнеткерлер – жастарға әлеуметтік немесе жеке проблемалардың шешімі жалғыз ғана «бүкіл әлемді қатаң жазалауда» емес екенін, қажырлы еңбекпен, қатемен жұмыстармен әлдеқайда биік әрі абыройлы тұғырлардан көрінуге болатынын түсіндіріп, көрсете алар еді.

Мемлекет экстремистік және террористік пиғылдағы адамдарды постфактум түзету және жазалау риторикасын тастауы керек. Біз күштеу әдістерінің тек қана ыза мен кек тудырып, проблеманы ушықтыра беретінін басқа елдердің мысалдарынан айқын көрініп отырмыз. Керісінше, жасөспірімге оның ізденіс кезеңінде кездесіп, оның рухани сұраныстарын әскери-патриоттық арнаға бұрып әкетіп, хайуан кейіптегі содырдың орнына – Отанымды қорғаймын деген сардарды алуға болады. Және бұл тек меморгандардың емес, бүкіл қоғамның барлық мүшелерінің бірлесе жасайтын жұмысы.

2014 жылы әлем бойынша террористік акттердің саны 35 пайызға артқан. Терроризмнің ірі ошақтарына әскери де, саяси-экономикалық та тосқауыл қойып жатқанның өзінде, осындай үлкен әрі өкінішті өсім алып отырмыз. Бұл тәрибедегі — күштеу, қорқытып-үркіту риторикасының өзін әбден сарқып біткеніне тағы да бір дәлел. Ал жасөспірімнің әскери-патриоттық тәрбиесі бұл проблемалардың барлығын пышақпен кескендей бір-ақ шешуге мүмкіндік беретіні анық.