Ақмола облысы әкімдігі мен «ҚазАвтоЖол» ҰК сапалы қызмет атқаруды жоспарлады

Кездесуде аймақ басшысы «ҚазАвтоЖол» ҰК» өңiрде атқарған жұмыстарына оң баға берiп, алдағы уақытта жол бойындағы қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында бiрлесiп жұмыс iстеуге дайын екенiн жеткiздi.

«Щучъе-Бурабай курорттық аймағында, облыс орталығының кiре-берiсiнде, Көкшетау-Зерендi, Көкшетау–Рузаевка бағыттарында жүргiзiп жатқан жөндеу жұмыстарына облыс тұрғындары тарапынан оңтайлы пiкiрлер түсiп жатыр, бұл жұмыстар әрине аймақтың туристiк әлеуетiн арттыруға септiгiн тигiзетiнi сөзсiз. Ендi, жол бойындағы қызмет сапасын арттыруға ден қою қажет»,- дедi Мәлік Мырзалин.

Өз кезегiнде, Е. Қизатов өткен жылдан бастап «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жол бойындағы сервистiк қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында бiршама жұмыстар жасалғанын баяндады.

Атап өтейiк, Ақмола облысының әкiмдiгi мен «ҚазАвтоЖол» ҰК» бiрлесiп, жол бойындағы сервистi дамыту мақсатында Астана-Бурабай трассасы бойында 3 жобаны жүзеге асыруда. Тағы екi жоба Арлашы және Торғай елдi мекендерiнде iске қосылады. Яғни бұл сервистерде тәулiк бойы жұмыс iстейтiн асхана, қонақ үй, автотұрақ болады.

Кездесуде тараптар, келесi туристiк мауысым алдында Ақмола облысы аумағында 9 модульдiк павильон орналастыру туралы өзара келiсiмге келдi. Яғни бұл кешендердiң төртеуi Астана-Бурабай трассасы бойында, екеуi Щучъе-Бурабай курорттық аумағында қойылатын болады. Қалғаны, өзге республикалық маңызы бар трассалар бойында орналастырылады.

Жалпы, облыс әкiмдiгi мен «ҚазАвтоЖол» ҰК» бiрлесiп аймақта жол бойында сервистiк қызмет көрсететiн 22 жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр.

 

Ақмола облысы, ҚазАвтоЖол