Елімізде «Рухани Жаңғыру» республикалық жастар акциясы бастау алды

Астана қаласындағы «Бәйтерек» монументінің жанына 1000-нан астам белсенді жастар жиналып, акцияның басталғандығын салтанатты түрде жариялады. Шараны ұйымдастырушы- ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі.

Шараның мақсаты Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын қолдау және қоғамдық сананы жаңғырту үрдісіне жастарды белсенді түрде жұмылдыру болып табылады.

«Рухани Жаңғыру» жалпыреспубликалық жастар акциясы еліміздің барлық өңірлерінде 2017 жылғы 15 және 22 қыркүйек аралығында төрт бағыт бойынша өтеді:

«Білім» — «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын, ұлттық дәстүрлерді, Қазақстанның және туған жердің тарихын білуі жөнінде викториналар мен пікірталас (адамдар жаппай жиналатын жерлерде, ірі сауда үйлерінде, оқу орындарында, саябақтарда, қалалар мен аудандардың орталық алаңдарында жүргізіледі) өткізу.

«Асар» — зейнеткерлерге, егде жастағы жалғыз басты адамдарға, балалар үйлеріне көмек көрсету (ағаш жару, сырлау, балалар алаңдарын жөндеу және т.б.).

«Тағзым» — киелі орындарды (су арналарын) жинау және абаттандыру, ағаштар отырғызу.

«Өнер» — барлық қалаларда, аудан орталықтары мен ауылдық округтерде әртүрлі субмәдениет өкілдерінің қатысуымен болатын жастар фестивалі ( сыйлықтар мен «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» логотипі бар футболкаларды ұтыс ойыны).

Аталған акцияның мәресі Ақтау қаласында Каспий теңізінің жағалауында аяталады деп жоспарлануда.