Ақмола облысында «Гәккулеткен, аққу жеткен Көкшетау» ІІ өңіраралық фестивалі өтті

Аталған музыкалық форум «Рухани қазына» кіші бағдарламасының «Туған жер – туған ел» базалық бағдарламасын жүзеге асыру және «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің аясында өтіп, сал-серілердің мекені Ақмола облысының ең мықты деген дәстүрлі әншілері бір сахнада бас қосуда.

Музыкалық жобаның мақсаты – Сарыарқаның халықтық әндерінің танылуы, сақталуы, дамуы, жандануы.

Екі күнге жоспарланған фестивальдің алғашқы күні дәстүрлі әншілер Үкілі Ыбырайдың елі Айыртау ауданының мәдениет үйінде орындау шеберліктерін көрсетсе, бүгін ақынның шығармашылығына арналған ІІ өңіраралық фестивальдің қатысушыларының баспасөз-конференциясы өтті. Баспасөз-конференциясына Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің филология ғылымдарының кандидаты, профессор Сәбит Жәмбек, тарихшы, публицист, педагог Алия Ахетова, Ақмола облыстық филармониясының дәстүрлі әншісі Сәрсенбай Хасенов және Үкілі Ыбырайдың тікелей үшінші ұрпағы Беркімбек Зарапұлы қатысты.

Ал кешке ақын, асқан әнші Үкілі Ыбырай атындағы филармонияда облыстың түкпір-түкпірінен жиналған дәстүрлі әншілердің қатысуымен гала-концерт өтеді.