Басты бетЖаңалықтарТалдықорғанда бір...

Талдықорғанда бір күнде үш жүз отбасы қоныс тойын тойлады

Салтанатты жиында құттықтау сөз сөйлеген Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Президент Жолдауының негізінде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында өңірде қолжетімді тұрғын үймен қамту мәселесі шешімін тауып келе жатқанын атап өтті.

-Облыста тұрғын үй құрылысының қарқыны алдағы жылы да сақталады. 2016 жылы біз 544,1 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Оның ішінде «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша 49,3 мың шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне ұсынылатын болады. Жаңа баспаналарыңыз құтты болсын. Ел-жұртымыз аман, келешегіміз кемел болсын! — деді А. Баталов өз құттықтауында.

Баспана қуанышына қол жеткізгендер арасында мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік сала мамандары, аз қамтылған отбасылар, мүгедектер және басқа да санаттағы азаматтар бар.

Кілт тапсыру рәсімі аяқталғаннан кейін облыс басшысы бірнеше отбасының пәтеріне кіріп, жаңа қонысқа сыйлықтарын тарту етті.

Жалпы осы күні Талдықорғанда бір мезетте 60 пәтерлі 1 коммуналдық үй мен «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі» арқылы 180 пәтерлі 4 несиелік үй пайдалануға берілсе, бұлардан бөлек 60 пәтерлі үйге медицина мамандары кірген болатын. Сонда облыс орталығында бір күнде 300 отбасы қоныс тойын тойлады.